
Танымал әнші Алтынай Жорабаева қызының ұзату тойында журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында бұрынғы жолдасы, актер Сәбит Әбдіхалықов не себепті қуанышты сәтте бой көрсетпегенін айтты.
Әншінің айтуынша, қыздары бұған дейін де әкесінің үйіне барып, жағдайын сұрап тұрған. Алайда биологиялық әкесі тарапынан ешқандай қамқорлық пен хабар-ошар болмаған соң, араласуды тоқтатқан.
«Басында қыздар барып жүрді, үйіне де барды, жағдайын сұрап тұрды. Өзі сұрамағаннан кейін, біз оған қайта-қайта бара берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өзі іздемесе, көмектеспесе, жағдайын сұрамаса, біз оған жалына бермейміз», – дейді өнер иесі.
Сонымен қатар Алтынай Жорабаева қазіргі жолдасы Әлішердің қыздарына көрсетіп жатқан әкелік махаббаты мен қолдауын ерекше атап өтті. Тіпті бойжеткендердің өзі бір жыл өтпей жатып оны «папа» деп қабылдағанын жеткізді.
«Әлішер қыздарды қанатының астына алды, әкелік махаббатын берді. Мен үшін Әлішердің сезімі маңызды. Тек биологиялық әкесі болғаны үшін оны төрге отырғыза алмаймын», – деді әнші.
Алтынай бұрынғы күйеуіне ешқандай өкпесі жоқ екенін және қыздарына да кек сақтамауды үйрететінін айтты. Ол Сәбит Әбдіхалықовқа бақыт тілеп, қазіргі отбасымен аман-есен жүре беруіне тілеулестік білдірді.
Еске сала кетейік, жақында Алтынай Жорабаева екінші қызын ұзатып, қызына арнап шығарған әні хитке айналған еді.