
Танымал әнші Алтынай Жорабаеваның «Қызыма тілек» әнінің сөзі қалай жазылғанын Данияр Алдабергенов баяндады. Ақын қызын ұзатқалы отырған ана мағыналы өлеңді төрт рет қайта жаздырғанын айтты.
Айтыскер ақын мағынасы терең өлең ұзақ жазылғанын, Жорабаеваның көңілінен шығу оңайға түспегенін мойындады.
«Ұзақ жазған өлең болды. Ана мен қыздың арасындағы байланысты, сыйластықты, қимастық сезімді қалай әнге сыйдыруға болады деп біраз ойландым», – дейді Алдабергенов.
«Қызыма тілек» әнін Алтынай Жорабаева қызы Айнараны ұзату тойында орындады. Жаңа туынды көпшілік көңілінен шығып, хитке айналды. Әнші әр сөздің мағынасына терең үңілген.
«Бірнеше нұсқа ұсындым. Алтынай апам төртінші рет жазғанымды ұнатты. Осы нұсқаға тоқтадық. Аллаға шүкір, елдің және ұядан балапанын ұшырып жатқан ананың көңілінен шыққан сияқты», – дейді ақын.
Алдабергенов сөзге әдемі саз қондырған дарынды сазгер Нұршапағат Орынбасарға алғыс айтуды ұмытпады.
Естеріңізге сала кетейік, 22 жастағы Айнара Сәбитқызының ұзату тойы 28 шілдеде Алматы қаласында дүркіреп өткен. Жорабаеваның құдалары қалыңмалға 15 млн теңге әкелген. Тойға қалыңдықтың әкесі Сәбит Әбдіхалықов қатысқан жоқ. Оның себебін Алтынай той өткен соң түсіндірді.