Аурулар «жасарып» барады: дәрігер инфаркт пен инсульттің жиілеу себебін түсіндірді

Жарияланды 4 Тамыз 2026 15:47

Меліс Сейдахметов

Меліс Сейдахметов

Қазақ редакциясының шеф-редакторы m.seidakhmetov@kursiv.media
дәрігер инфаркт пен инсульттің жиілеу себебін түсіндірді
Дәрігер инфаркт пен инсульттің жиілеу себебін түсіндірді/фото: shutterstock/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Осыдан 20-30 жыл бұрын 35-40 жастағы адамда инфаркт немесе инсульт сирек кездесетін. Бүгінде дәрігерлер мұндай оқиғалармен жиі бетпе-бет келіп отырғанын айтады. Дәрігер-нейрохирург Зарина Садуеваның сөзінше, мұның басты себебі адам ағзасының өзгеруінде емес, тұтас қоғам өмір сүру салтының түбегейлі өзгеруінде болып отыр.

Асқын жүктеме мен күйзеліс

Дәрігердің сөзінше, адам ағзасы бүгінде көптеген адам күнделікті кезігетін шамадан тыс жүктемеге бейімделмеген. Үздіксіз күйзеліс, өмірдің жоғары қарқыны, ақпараттық жүктеме пен тынығудың жетіспеушілігі кортизол мен адреналин сияқты стресс гармондары деңгейінің созылмалы түрде көтерілуіне әкеледі. Бұл артериялық гипертензияның дамуына, зат алмасудың бұзылуына ықпал етіп, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін айтарлықтай арттырады.

өмірдің жоғары қарқыны
өмірдің жоғары қарқыны/фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қозғалыстың жоқтығы және ұйқысыздық

Тағы бір маңызды қауіп фактор – қозғалыстың аздығы. Көптеген адам күнделікті жұмыс үстелінде 8-12 сағат өткізеді. Дене белсенділігінің жетіспеушілігі қан айналымын нашарлатады, дене салмағының артуына, қант диабеті мен омыртқа ауруларының дамуына ықпал етеді.

«Ұйқының бұзылуы да кем түспейтін маңызды рөл атқарады. Тәулігіне жеті сағаттан аз ұйықтау артериялық гипертензия, семіздік, инфаркт пен инсульт қаупінің артуына тікелей әсер етеді. Ағза дәл ұйқы кезінде қан тамырларының, жүйке жүйесінің жұмысын қалпына келтіріп, гормоналды теңгерімді ұстап тұрады», – дейді Зарина Садуева.

Дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер

Аурулардың «жасаруына» тамақтанудың да тигізетін әсері зор. Шектен тыс қант, тұз, ультра-өңделген өнімдер мен трансмайларды тұтыну семіздіктің, атеросклероздың және жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі факторларының бірі.

Маман зиянды әдеттерге де ерекше назар аударады. Темекі шегу, алкоголь тұтыну және электронды темекілерді пайдалану тамыр қабырғаларының күйіне кері әсер етіп, атеросклеротикалық бляшкалардың түзілуін жылдамдатады, тіпті жастардың өзінде тромбоздың пайда болу ықтималдығын арттырады.

Аурудың алдын алуға болады

Зарина Садуева
Зарина Садуева/фото: дәрігердің жеке мұрағатынан

Дегенмен дәрігер жүрек-қан тамырлары ауруларының басым бөлігінің алдын алуға болатынын баса айтады. Ірі халықаралық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес, мезгілсіз болатын инфаркт пен инсульт жағдайларының 80%-ға жуығы бақылауға келетін қауіп факторларымен байланысты.

Профилактиканың негізгі шаралары:

  • артериялық қан қысымын жүйелі түрде бақылау;
  • жеткілікті дене белсенділігін ұстану (аптасына кемінде 150 минут орташа жүктеме);
  • 7-9 сағатты құрайтын толыққанды ұйқы;
  • көкөністер, белок және пайдалы майлардың жеткілікті мөлшері бар теңгерімді тамақтану;
  • қант пен холестерин деңгейін бақылау;
  • темекіден бас тарту және алкогольді шектеу.

Сонымен қатар дәрігер жүйелі түрде профилактикалық тексерулерден өтіп тұрудың маңызын еске салады. Көптеген жүрек-қан тамырлары ауруы ұзақ уақыт бойы белгісіз дамиды, сондықтан уақтылы диагноз қою ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға және ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

«Инфаркт пен инсульт – жасқа байланысты ауру емес, жинақталған қауіп факторларының ауруы. Адам денсаулығына неғұрлым ерте күтім жасай бастаса, белсенділікті, жұмысқа қабілеттілікті және жоғары өмір сапасын ұзақ жылдарға сақтау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады», – деп атап өтті дәрігер-нейрохирург Зарина Садуева.

Егер сізді қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек тұсының ауыруы, аяқ-колдың ұюы, артық салмақ мазаласа немесе жүрек-қан тамырлары ауруларына туа біткен бейімділік болса, дәрігерге көрінуді кейінге қалдырмаңыз. Профилактика мен ерте бастан диагностика жасау – денсаулықты сақтаудың және қауіпті аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы болып қала береді.

Бұған дейін, Қазақстанда соңғы үш жылда қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші артып, өлім-жітім айтарлықтай азайғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз