Атышулы каннибал Жұмағалиев жатқан клиниканы министрлік тексереді

Жарияланды 29 Шілде 2026 15:13

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Атышулы каннибал Николай Жұмағалиев жатқан клиниканы министрлік тексереді
Адам етін жеген Николай 1991 жылдан бері Ақтастағы ауруханада жатыр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Денсаулық сақтау министрі жіті бақыланатын республикалық психиатриялық аурухананы тексеруді тапсырды. Алматы маңындағы Ақтас ауылындағы осы клиникада атышулы каннибал Николай Жұмағалиев отыр.

Министр тапсырмасы

Осының алдында ғана әлеуметтік желілерде Жұмағалиевке қатты ұқсайтын бір адамның бейнежазбасы тараған. Видео авторы министр Ақмарал Әлназароваға шағымданып, клиникада тәртіп пен жағдай жоқтығына шағымданған. 29 шілдеде министрлік басшысының осы аурухананы тексеруді тапсырғаны мәлім болды.

«Кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттердің жағдайына қатысты шағымдар жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай әрбір өтінішті онда келтірілген фактілерді жан-жақты әрі объективті зерделеуге негіз ретінде қарастырады», – деп таратты министрліктің баспасөз қызметі.

Ауыр қылмыс жасағандар емделетін орын

Клиниканы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексереді. Мамандар медициналық құжаттаманы, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, науқастардың жағдайын, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерін, сонымен бірге ем қабылдап жатқан азаматтардың құқықтарының сақталуын зерделейді.

Тексеруге прокуратура қызметкерлері мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тартылады.

Ақтастағы клиникада мәжбүрлі түрде ем қабылдайтын науқастардың 80%-дан астамы жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Сол себепті мекеме ерекше қорғалады.

Жұмағалиев кім?

Николай Жұмағалиев (лақап аты — «Темір азу») – КСРО және Қазақстан тарихындағы ең қатыгез сериялы кісі өлтіруші әрі каннибал. Ол 1979–1990 жылдар аралығында кем дегенде 10 әйелді айуандықпен өлтіріп, етін жегені үшін кінәлі деп танылған.

Ол алғаш рет 1980 жылы өз үйінде кезекті құрбанының денесін бөлшектеп жатқан жерінде кездейсоқ ұсталды. Сот-психиатриялық сараптама оған «шизофрения» диагнозын қойып, есі ауысқан деп жариялады. Соған байланысты түрме жазасы мәжбүрлі түрде емдеуге ауыстырылды.

1989 жылы Жұмағалиев арнайы емханадан қашып кетіп, тағы бір жыл бойы жасырынып жүріп қылмыс жасады. Ол 1991 жылғы қаңтарда Ферғана алқабында ұсталып, содан бері Ақтас ауылындағы қатаң психиатриялық ауруханада жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз