Алматыда ер адам әскери қызметшілердің көзінше кішкентай баланы ұрған

Алматыда белгісіз ер адам әскери қызметшілердің көзінше баланы жұдырықпен бетінен ұрды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқиға 5 тамыз күні сағат 8:00 шамасында «Атакент» саябағы ауданында болған. Ер адам подполковник Батыр Туяковтың, майор Медет Махметовтың, капитандар Данияр Баймулдин мен Әсем Әбдірайымованың көзінше кенеттен баланы жұдырықпен бетінен ұрған.
«Әскери қызметшілер жағдайды жедел бағалап, заңға қайшы әрекеттің жолын кесті, күдікті құқық бұзушыны залалсыздандырып, полиция қызметкерлері келгенге дейін ұстап тұрды. Капитан Әсем Әбдірайымова дереу полиция жасағын шақырды. Құқық қорғау органдары келгеннен кейін ұсталған адамды әрі қарайғы тергеу жұмыстарын жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырды», – делінген хабарламада.
Зардап шеккен баланың ата-анасы офицерлерге алғысын білдірген.