Алматыда ер адам әскери қызметшілердің көзінше кішкентай баланы ұрған

Алматыда белгісіз ер адам әскери қызметшілердің көзінше баланы ұрған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 5 тамыз күні сағат 8:00 шамасында «Атакент» саябағы ауданында болған. Ер адам подполковник Батыр Тұяқовтың, майор Медет Махметовтің, капитан Данияр Баймулдин мен Әсем Әбдірайымованың көзінше кенеттен баланы бетінен салып жіберген.
«Әскери қызметшілер жағдайды жедел бағалап, заңға қайшы әрекеттің жолын кесті, күдікті құқық бұзушыны залалсыздандырып, полиция қызметкерлері келгенге дейін ұстап тұрды. Капитан Әсем Әбдірайымова дереу полиция жасағын шақырды. Құқық қорғау органдары келгеннен кейін ұсталған адамды әрі қарайғы тергеу жұмыстарын жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырды», – делінген хабарламада.
Зардап шеккен баланың ата-анасы офицерлерге алғысын білдірген.