Генератор ұрлаған қылмыскер Ақмола облысында бір ауылды сусыз қалдырды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Генератор ұрлаған қылмыскер Ақмола облысында бір ауылды сусыз қалдырды / Фото: Polisia

Ақмола облысында екі жұмысшы жабдықты ұрлады деген күдікке ілікті. Қаскөйлер тұтас бір ауылды сусыз қалдырған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Дизельді генератор 2025 жылы Бұланды ауданындағы елді мекендердің бірінің шетіне орнатылған. Ол тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ететін желілер мен ұңғымалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті.

Күдіктілер желі аумағында жұмыс істегендіктен, генератордың қайда орналасқанын және объектінің қалай күзетілетінін білген.

Тергеу нұсқасы бойынша, сәуір айында ер адамдар қондырғыны ұрлауға келіскен. Автокөлік, лебедка (жүк көтергіш) және басқа да құралдардың көмегімен олар құны 7 млн теңгеге жуықтайтын генераторды бөлшектеп, алып кеткен. Ол болмағандықтан жабдықтың жұмысы бұзылды.

6 мамырда ер адамдардың бірі сыбайласына кәсіпорын аумағына қайта оралуды ұсынған. Бұл жолы олар, тергеу нұсқасы бойынша, дизельді қондырғыға арналған құны 400 мың теңгеден асатын жиынтықтауыштарды ұрлап кеткен.

Патрульдік полицейлер ұрланған жабдықты тауып, тәркіледі. Тергеу жалғасуда.

Айта кетейік, осыған дейін Қостанайда 100 долларға «ұр-тоқпақ» болып жүрген адам сотталғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз