Генератор ұрлаған қылмыскер Ақмола облысында бір ауылды сусыз қалдырды

Ақмола облысында екі жұмысшы генератор ұрлады деген күдікке ілікті. Қаскөйлер тұтас бір ауылды сусыз қалдырған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Дизельді генератор 2025 жылы Бұланды ауданындағы елдімекендердің бірінің шетіне орнатылған. Ол тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ететін желілер мен ұңғымалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті.
Күдіктілер желі аумағында жұмыс істегендіктен, генератордың қайда орналасқанын және объектінің қалай күзетілетінін білген.
Тергеу нұсқасы бойынша, сәуір айында олар қондырғыны ұрлауға келіскен. Автокөлік, жүк көтергіш және басқа да құралдардың көмегімен құны шамамен 7 млн теңге болатын генераторды бөлшектеп, алып кеткен. Осыдан жабдықтың жұмысы бұзылды.
6 мамырда ер адамдардың бірі сыбайласына кәсіпорын аумағына қайта оралуды ұсынған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жолы олар дизельді қондырғыға арналған құны 400 мың теңгеден асатын жиынтықтауыштарды ұрлап кеткен.
Патрульдік полицейлер ұрланған жабдықты тауып тәркіледі. Тергеу жалғасуда.
Айта кетейік, осыған дейін Қостанайда 100 долларға «ұр-тоқпақ» болып жүрген адам сотталғанын жазған едік.