Павлодарда сәбиін 100 мың теңгеге сатқан жас ана ұсталды

Павлодарда жаңа туған сәбиін сатпақ болған 24 жастағы әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, оны мұндай қадамға материалдық қиындықтар итермелеген. Әйел Түркістан облысының тумасы болып шықты.
Прокуратура мәліметінше, ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде хабарландыру жариялап, қызын бір адамға 800 мың теңгеге сатуға келіскен.
Наурыздың 28-і күні әйел Павлодар облыстық перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкеледі. Ол кезде құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын бастап кеткен болатын.
31 наурызда әйел жаңа туған қызын оның медициналық құжаттарымен бірге сәби сатып алуға ниет білдірген адамға берген. Ол үшін 100 мың теңге алған. Алайда бұл ақша құқық қорғау органдары тарапынан алдын ала дайындалған. Ақшаны алғаннан кейін әйел ұсталды.
Сот әйелді кәмелетке толмағандарды саудалау қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда жазаны орындау мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.
Бұған дейін Өзбекстанда бала сатқан медбике 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.