
Қазақстандағы алғашқы жеке мұнай компаниясы қалай құрылған? Ол мұнай өндіруге рұқсат беретін лицензияны қалай алды? Компания иесінің құрылыс саласындағы табысты бизнесін тастап, мұнай саласына бет бұруына не түрткі болды? Ол ағылшын инвесторымен қомақты инвестиция тарту туралы келісімге қалай келді? Бәрі сатылатын заманда арманынан бас тартпай, өз-өзімен, жүйемен, жоқшылықпен қалай күресті?
Осы сұрақтардың жауабы шынайы оқиға негізінде түсірілген «Қара алтын» фильмінен табылмақ. «Оян, қазақ» фильмінің авторлары ұсынған жаңа туынды 10 қыркүйектен Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сюжет желісі 90-жылдардағы бетбұрыс кезеңді қамтиды. Шағын құрылыс кооперативін басқарып жүрген кәсіпкер Қасым Исағалиев өзіне мүлде таңсық мұнай саласына қадам басады. Ол геологиялық базадан «болашағы жоқ, тиімсіз» деп шығарылып тасталған кен орнын игеруді қолға алады.
Жоба авторлары тәуелсіздің алғашқы жылдарындағы тоқырауды тонау мен қылмыс, криминалдық қақтығыс арқылы көрсетуден саналы түрде бас тартқан. Сюжетте сол заманның қиындықтарымен қатар кейіпкердің балалық шағы өткен 50-жылдар мен 2000-жылдардың аралығы тұтас қамтылады.
Сценарий авторы Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілда бұл туындыны жай ғана ақша немесе мұнай туралы фильм емес, ең алдымен адам рухының жеңісі деп түсіндіреді. Туындының өзегіне Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген нақылы лейтмотив болып алынған.






Фильм қай жерде түсірілген
Жобаның дайындығы мен түсірілімі екі жылға созылған. Түсірілім жұмыстары Өскемен, Зайсан, Алматы және Астана қалаларында өтті.
Сюжет қазақ даласындағы бұрғылау алаңынан басталып, әлемдік қаржы мен мәдениет орталығы – Лондонның зәулім сахнасына дейін ұласады.
Фильмнің актерлік құрамы да ерекше назар аудартады. Басты кейіпкерді көпшілікке театр мен авторлық кино арқылы танымал Қуандық Қыстықбай сомдайды.
Сонымен қатар Марат Амираев, Әділ Ахмет, Шыңғыс Капин, Бақытжан Әлпейісов, Мұрат Ахманов және Гүлбахрам Ахат сынды белгілі актерлар ойнайды.
Басты рөлдердің бірін Астанадағы жиһаз цехында жұмыс істейтін, қазақ және ағылшын тілдерін қатар меңгерген жас актер сомдады.
Көрерменге айтар ойы қандай?
Туынды авторлары бұл фильм арқылы әсіресе ауылдан қалаға келген жастарға, студенттер мен жас мамандарға дем бергісі келеді. Басты идея – қандай да бір ішкі қорқыныш пен кедергіге бола үлкен арманнан бас тартпау, адал еңбек пен табандылыққа сену.
Фильм авторлары ұсынған тағылымды драма күзге жоспарланған басты кинопремьералардың бірі болмақ.