
Әлемге танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымның Атырау облысына сапарын ұйымдастыруға өңір бюджетінен қанша ақша бөлінгені мәлім болды. Әлеуметтік желілерде bydastann аккаунтымен танылған блогердің лотос алқабында дайындаған бейнеролигін миллиондаған адам көрді.
bydastann қызметі қанша тұрады?
Lotus Fest фестивалін әлеуметтік желілерде насихаттауға шамамен 11,8 млн бөлінгенін жергілікті «Ақ Жайық» газеті анықтады. Қаражаттың бір бөлігі Дастан Мұхамедрахымның батысқа сапарына, қалғаны екі күндік блог-тур ұйымдастыруға жұмсалған.
Басылым мәліметінше, жергілікті әкімдік bydastann-ды өңірге алдыру үшін әуелі 12 млн теңге жұмсамақ болған. Мемлекеттік сатып алуға бес субъект қатысып, 7 млн теңге ұсынған жеке кәсіпкер (Мамбетов ЖК) тендер жеңімпазы атанған.
Тревел-блогердің жеке өзіне қанша ақша жұмсалғаны құжаттарда айтылмайды. Дастан мен оның түсіру тобының өңірге баруы, контент дайындауы, сонымен бірге жол және тамақ шығыны 7 млн теңгенің ішіне кіреді.
Bydastann мен оның әріптесі бизнес-класспен ұшқан. Бес жұлдызды қонақүйде Deluxe/Suite санатына жататын бөлмеде түрған. Өңірді аралауға жаңа әрі қымбат екі автокөлік қажет болған. Лотос алқабына жеткізу үшін моторлы қайық жалданған. Тамақ пен сусынды сақтау, алып жүру үшін жеңіл тоңазытқыш талап етілген.
Осының бәрі «Атырау облысының туристік келбетін дәріптеу» үшін қажет болған. Тревел-блогер дайындаған контентті тапсырыс беруші бекіткен.
Лотос алқабына сапар
Дастан лотос алқабынан бір емес, екі рилс жариялады. Алғашқысын 1,9 млн адам көрсе, екіншісін 421 мың адам тамашалады. Айта кетейік, екінші ролик OPPO смартфонын жарнамалауға арналды. Соған қарағанда, блогер осы сапарға келісім берген уақытта мемлекет ақшасына емес, жарнамадан түсетін табысқа иек артса керек.
«Ақ Жайық» мәліметінше, бюджеттен бөлінген 4,7 млн теңге екі күнге созылған блог-тур ұйымдастыруға жұмсалған. Оған кемі 100 мың оқырманы бар төрт блогер шақыртылған.
Осылайша, Visit Atyrau жобасы екі тендерге барлығы 11 766 888 теңге жұмсаған. Бастапқыда 21,5 млн теңге қарастырылғанымен, сауда барысында шығын екі есеге азайған.
Ақсуаттан шыққан тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымның Instagram-да 2,1 млн оқырманы бар. Ол биыл әлемдік WIBA Awards сыйлығын жеңіп алды.