Әр бесінші депутат – бұрынғы мәжілісмен: Құрылтай құрамы қандай

Жаңа Құрылтайдың саяси салмағы бір партияға қарай анық ауысты. 145 депутаттық орынның 110-ын «Әділет» иеленді. Яғни залдағы әр төрт орынның үшеуінде осы партияның өкілі отырады. Қалған төрт партияның мандатын түгел қосқанда небәрі 35 орын шығады.
Kursiv.Media Құрылтай депутаттарының портретін жасап көрді. Жаңа депутаттардың орташа жасы, жынысы, сонымен қатар бұрынғы мәжілістен қалған депутаттардың тізімін жасадық.
Сайлауға жеті партия қатысқанымен, олардың бесеуі ғана 5 пайыздық межеден өтті. Қазақстан халық партиясы мен «Байтақ» Құрылтайға кіре алмады.
Партиялардан сайланған депутаттар
Партияны таңдаңыз: төменде сол саяси ұйымның Құрылтайдағы депутаттары көрсетіледі.
«Әділет» партиясы
110 депутат
«Ауыл» партиясы
10 депутат
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия
8 депутат

«Ақ жол» демократиялық партиясы
8 депутат
Respublica партиясы
9 депутат
«Әділеттің» үстемдігі нені білдіреді?
Қарапайым көпшілік үшін 145 депутаттың кемінде 73-інің қолдауы жеткілікті. Ал орындардың үштен екісі 97 мандатқа тең. «Әділетте» 110 депутат бар.
Демек партияның фракциясы бір ұстанымда дауыс берсе, көптеген шешімді өткізу үшін өзге партиялардың көмегіне мұқтаж болмайды. Бұл «Әділетке» Құрылтайдың күн тәртібін қалыптастыру, заң жобаларын талқылау және негізгі дауыс берулерге айтарлықтай ықпал етуге мүмкіндік береді.
Ал қалған төрт партия оппозициялық немесе балама пікір ұсынатын шағын фракциялар ретінде жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең көбі «Ауылда» – 10 депутат. Respublica-да тоғыз, ЖСДП мен «Ақ жолда» сегіз депутаттан бар.
Құрылтай депутаттарының портреті
Жас және жыныс құрамы
Жыныс құрамы
Әр үшінші депутат – әйел
Құрылтайға сайланған 145 депутаттың 49-ы — әйел, 96-сы — ер адам. Осылайша әйелдердің үлесі 33,8%-ды, ерлердің үлесі 66,2%-ды құрайды.
Басқаша айтқанда, Құрылтайдағы әр үшінші депутат — әйел. Дегенмен ерлердің саны әйелдерден екі есе көп.
Сайлау алдында тіркелген барлық 545 кандидаттың арасында 172 әйел болған. Бұл жалпы кандидаттардың 31,6%-ына тең еді. Сайланған депутаттар арасында әйелдердің үлесі сәл жоғары болып шықты. ОСК мәліметінше, сайлауға қатысқан барлық кандидаттың орташа жасы 45,4 жасты құраған. Бірақ бұл көрсеткіш сайланған 145 депутатқа емес, депутаттыққа үміткер болған барлық кандидатқа қатысты.
Ең жас депутат — 28 жаста
Ашық жарияланған өмірбаяндар бойынша жаңа Құрылтай депутаттарының орташа жасы шамамен 48-ді құрайды. Бұл есеп нақты жасы көрсетілген 123 депутаттың дерегіне сүйеніп жасалды. Қалған 22 депутаттың өмірбаянында туған жылы немесе нақты жасы көрсетілмеген.
Құрылтайдағы ең жас депутат — Respublica өкілі Динара Наумова. Ол 28 жаста. Наумова бұған дейін Мәжіліс депутаты болып, инклюзивті қоғамды дамыту және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысқан.
Ең жасы үлкен депутат — «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева. Ол 65 жаста. Еспаева банк саласында ұзақ жыл еңбек етіп, Мәжілістің бірнеше шақырылымында депутат болған. Ол Қазақстан тарихында президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан алғашқы әйел ретінде де белгілі.
Мәжілісте депутат болғандардың да саны көп
Жаңа парламенттің атауы өзгергенімен, оның құрамында бұрыннан таныс саясаткерлер аз емес. 145 депутаттың 32-сі бұған дейін Мәжілісте отырған. Бұл – Құрылтай құрамының 22%-ы немесе шамамен әр бесінші депутат. Оның ішінде 28 адам Мәжілістің VIII шақырылымында жұмыс істеген.
Бұрынғы мәжілісмендердің ең көбі «Әділет» партиясында — 20 адам. Олар: Константин Авершин, Тілектес Адамбеков, Асхат Аймағамбетов, Жарқынбек Амантайұлы, Жанарбек Әшімжанов, Марат Башымов, Нұрлан Дулатбеков, Динара Зәкиева, Снежанна Имашева, Юлия Кучинская, Сергей Пономарёв, Максим Рожин, Татьяна Савельева, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Арман Халықов, Үнзила Шапақ, Никита Шаталов және Айжан Ысқақова.
Respublica-дан Мәжілісте тәжірибесі бар бес депутат өтті: Айдарбек Қожаназаров, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Нұргүл Тау және Олжас Құспеков.
ЖСДП құрамындағы бұрынғы мәжілісмендер – Асхат Рахымжанов, Наурыз Сайлаубай және Ажар Сағандықова. «Ақ жолдан» Дания Еспаева, Юрий Ли мен Олжас Нұралдинов бұрын Мәжілісте отырған. Ал «Ауыл» партиясында мұндай тәжірибесі бар жалғыз депутат – Серік Егізбаев.
Құрылтайдағы ең тәжірибелі парламентарийлердің қатарында Дания Еспаева мен Снежанна Имашева бар. Екеуі де Мәжілістің VI, VII және VIII шақырылымдарында депутат болған.
Осылайша жаңа Құрылтай толықтай жаңа адамдардан құралған жоқ. Дегенмен оның 113 депутаты бұрын Мәжілісте отырмаған. Яғни парламенттік тәжірибесі бар саясаткерлер қатары азайып, негізгі орынды жаңа тұлғалар иеленді.