Шухрат Ибрагимовтың көмір компаниясы дивиденд төлейді

Жарияланды 31 Тамыз 2026 13:28

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Шұбаркөл компаниясы дивиден төлейді / фото: ЖИ көмегімен жасалды

«Шұбаркөл Премиум» көмір компаниясы 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалғыз акционеріне дивиденд төлейді. Тиісті шешім 28 тамызда қабылданып, ақпарат Қазақстан қор биржасында 31 тамызда жарияланды.

Акционер компанияның 2025 жылғы аудиттен өткен қаржылық есептерін бекітіп, таза табысын жай акциялар бойынша дивиденд төлеуге бөлуге шешім қабылдаған. Алайда дивидендтің жалпы сомасы, бір акцияға шаққандағы мөлшері және төлем мерзімі жарияланған құжатта көрсетілмеген.

Ақша кімге түседі?

Дивиденд компанияның жалғыз акционері – Astra Capital Ltd. жеке компаниясына төленеді. KASE-нің 2026 жылғы 1 шілдедегі мәліметінде осы компания «Шұбаркөл Премиумның» жалғыз акционері ретінде көрсетілген.

Ал аудиттелген қаржылық есепте «Шұбаркөл Премиумды» түпкілікті бақылайтын тұлға ретінде кәсіпкер Шухрат Ибрагимов аталады.

Компания қанша пайда тапты?

2025 жылы «Шұбаркөл Премиум» мен оның еншілес ұйымдарының жиынтық таза пайдасы 2,54 млрд теңгеге жеткен. Бұл — 2024 жылғы қайта есептелген 1,99 млрд теңгелік көрсеткіштен 27,7% жоғары. Топтың жылдық түсімі 94,78 млрд теңге болған.

Компания Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кен орнының «Орталық-2» учаскесінде көмір өндіреді. 2025 жылы өндіріс көлемі 2,78 млн тоннаға жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,24 млн тонна болған, яғни көмір өндіру 2,2 еседен астам өскен.

Сондай-ақ оқыңыз