
Қырғызстан астанасы Бішкекте VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ауқымды іс-шара елдегі жаңа стадион – «Бішкек Аренада» ұйымдастырылған. KursivMedia тілшісі жаңа стадионда ашылу салтанатын тамашалап, әрі қарай көшпенділер ойындарынан ақпарат тарату үшін Алматыдан Бішкекке келді.

Ойындардың ашылуы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жүздеген шетелдік журналист стадионға арнайы автобуспен жеткізілді.

Ал «Бішкек Арена» бір қарағанда киіз үйге ұқсайды. Стадион аумағына кіргеннен-ақ құрылыс жұмыстарының жақында аяқталғаны байқалады.

Стадион 51 мың жанкүйерге арналған. Нысанның негізгі құрылысы 2024 жылы басталған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына арнайы сахна дайындалған. Шоудың басты элементтерінің бірі таулар бейнесіндегі декорация болмақ.

Стадионның биіктігі шамамен 70 метр, ал диаметрі 280 метр. Аренаға 26 есік арқылы кіруге болады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шамамен 450 арнайы орын қарастырылған. Жобаның жалпы құны шамамен 386 миллион долларды құрайды.
Жоба авторы – Түркия сәулетшілері, ал құрылыс жұмыстарын қытайлық және қырғызстандық мамандар жүргізген.
Айта кетейік, салтанатты іс-шараның тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен сағат 18:30-да QAZSPORT телеарнасы көрсетеді.