
Қазақстан премьер-лигасының 16 клубы 2025 жылы бюджетке жалпы 7,74 млрд теңге салық төледі. Алайда соманың жартысынан көбі небәрі үш командаға тиесілі: «Қайрат», «Ордабасы» және «Астана» бірге 4,13 млрд теңге аударған. Kursiv Media Кірістер комитетінің мәліметтеріне сүйене отырып, ҚПЛ клубтарының 2025 жылдың салықтық төлемдерін анықтады.
Қайраттың табысы
Тізімнің басында алматылық «Қайрат» тұр. Клубтың салық төлемі 1,79 млрд теңгеге жетті. «Қайрат» Чемпиондар лигасында 35 млн долларға жуық табыс тапты. УЕФА тарапынан маусым қорытындысы бойынша тиесілі барлық төлемдер есептеліп, клубтың ресми есепшотына түсті.

Екінші орында шымкенттік клуб бюджетке 1,19 млрд теңге, ал «Астана» 1,15 млрд теңге төлеген.
Алғашқы үш клубтың үлесіне командалардың барлық салық төлемінің 53,4%-ы тиесілі. «Ақтөбені» де қосқанда, төрт клубтың үлесі 63%-ға жетеді.
Төлем көлемі жағынан ортаңғы топта «Тобыл» – 491,3 млн теңге, «Жетісу» – 466,1 млн теңге және «Атырау» – 421 млн теңге көрсеткішпен орналасқан. «Жеңіс», «Ертіс», «Каспий» және «Елімайдың» әрқайсысы бюджетке 200–330 млн теңге аралығында аударды.
Клубтар арасындағы алшақтық тізімнің төменгі бөлігінде анық байқалады. Соңғы бес команда жалпы 399,8 млн теңге төлеген. Бұл – «Қайраттың» жеке төлемінен шамамен 4,5 есе аз. Тіпті алматылық клубтың көрсеткіші рейтингтегі төменгі тоғыз команданың жиынтық төлемінен де 307 млн теңгеге артық.
Ең төменгі көрсеткіш «Қайсарға» тиесілі – небәрі 600 мың теңге. «Ұлытау» 47,5 млн теңге, «Қызылжар» 99,4 млн теңге, ал «Оқжетпес» 100 млн теңге аударған.
Дегенмен салық көлемін клубтың табысы немесе қаржылық жағдайымен тікелей теңестіруге болмайды. Көрсеткішке еңбекақы қоры, келісімшарттар, демеушілік түсімдер, клубтың заңды құрылымы және салықтық міндеттемелерді өтеу мерзімі әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан деректер Қазақстан футболындағы қаржы айналымының клубтар арасында біркелкі бөлінбегенін аңғартады.