
Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486,4 мың теңгеге жеткенімен, межеден небәрі бес өңір ғана асты. Ең жоғары және ең төмен көрсеткіштің айырмасы 310 мың теңгеден асады: Маңғыстау тұрғынының орташа жалақысы Солтүстік Қазақстан облысындағыдан шамамен 1,9 есе көп, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2026 жылдың екінші тоқсанында ел бойынша орташа айлық атаулы жалақы 486 388 теңгені құрады. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш 5,4%-ға өскен.
Өңірлердегі жағдай
Ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында тіркелді – 673 656 теңге. Одан кейін Астана – 647 920 теңге, Атырау облысы – 631 555 теңге және Алматы қаласы – 610 371 теңге. Ұлытау облысында орташа жалақы 588 691 теңгені құрады.
ЖАЛАҚЫ
ТОҚСАНҒА










Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы
Осы бес өңір ғана республикалық орташа деңгейден жоғары тұр. Қарағанды облысындағы көрсеткіш 470 390 теңге болса, қалған өңірлерде орташа жалақы 455 мың теңгеге де жетпейді.
Жалақы көлемі бойынша соңғы орында Солтүстік Қазақстан облысы қалды – 363 123 теңге. Түркістан облысында орташа жалақы 370 964 теңге, Жамбыл облысында 375 456 теңге болды. Шымкент пен Жетісудағы көрсеткіш те 378 мың теңгеге жуық.
Алайда жалақысы төмен өңірлерде тоқсандық өсім жоғары болды. Жамбыл облысында орташа жалақы үш айда 14,1%-ға, Түркістан облысында 11,5%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 11,2%-ға артқан.
Ал екі өңірде кері өзгеріс тіркелді. Ұлытау облысында орташа жалақы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 10,3%-ға, Атырау облысында 3,3%-ға төмендеді. Соған қарамастан екі облыс та жалақы көлемі ең жоғары бес өңірдің қатарында қалды.
Айта кетейік, орташа жалақы әр қызметкер дәл осындай сома алады дегенді білдірмейді. Көрсеткішке жалақысы өте жоғары қызметкерлердің табысы да әсер етеді.