
Қазақстан мұнай тасымалы қиындаған жағдайда шикізатты уақытша сақтайтын қуатын арттырмақ. «ҚазТрансОйл» 2029 жылға дейін сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын жаңа резервуарлар салуды жоспарлап отыр.
Жобалар аяқталғаннан кейін компанияның резервуарлық паркінің жалпы көлемі 1,6 млн текше метрге жетеді. Қазір «ҚазТрансОйлдың» мұнай сақтайтын нысандары шамамен 1,426 млн текше метр шикізат қабылдай алады.
Құрылыс 2029 жылға дейін жалғасады
Компания қазір қолданыстағы 60 мың текше метрлік резервуарларды қайта жаңғыртып, қосымша 40 мың текше метр жаңа қуат салып жатыр.
2027–2029 жылдары тағы 60 мың текше метр резервуар жаңартылып, 200 мың текше метр жаңа сақтау орны салынады. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» пайдалану департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ізтелеуов мәлімдеді.
2024 жылы компания 20 мың текше метрлік резервуарларды жаңартып, дәл осындай көлемде жаңа қуат іске қосқан. 2025 жылы 40 мың, ал 2026 жылы 60 мың текше метрлік резервуар қайта жаңғыртылды.
Жаңа резервуарлар не үшін қажет
Қосымша қуат мұнай тасымалында қиындық туындаған кезде экспорт ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Құбырлардың бірі уақытша тоқтаса немесе өткізу мүмкіндігі шектелсе, өндірілген мұнайды бірден қысқартпай, резервуарларға жинауға болады.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов бұған дейін компания қысқа мерзімде мұнай сақтайтын мүмкіндіктерін кеңейтіп жатқанын айтқан еді. Ұлттық компания қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарындағы шамамен 250 мың тонналық бос резервуарларды да пайдалануды қарастырып отыр. Мұнай өндіретін кәсіпорындардағы дайындау нысандары тағы 215 мың тонна шикізат қабылдай алады.
Бұл қор мұнайды қолжетімді экспорт бағыттарына қайта бөлуге және тасымалдағы уақытша үзілістердің өндіріс көлеміне әсерін азайтуға тиіс.
2025 жылы «ҚазТрансОйл» компаниялар тобы 47 млн тоннадан астам мұнай тасымалдады. Оның ішінде магистральдық мұнай құбырлары арқылы 45,1 млн тонна мұнай жеткізілді. Бұл – кейінгі жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш.