
Apple компаниясы iOS 27 жүйесіне iPhone Handoff функциясын іске қоспақ. Жаңа функция арқылы бір телефон нөмірін екі iPhone-ға қатар қосып, екі құрылғыдан да пайдалануға болады. Осылайша, пайдаланушы бір смартфоннан екіншісіне ауысқанда SIM-картаны қайта салып әуре болмайды.
Жаңа функцияның жұмысын MacRumors форумының қатысушысы көрсетті. Ол Xcode 27 жүйесіндегі Device Hub арқылы екі виртуалды iPhone іске қосып, мобильді байланысты бір құрылғыдан екіншісіне ауыстыру мүмкіндігін көрсетті.
iPhone Handoff баптауы «Ұялы байланыс» бөлімінде пайда болуы мүмкін. Пайдаланушы екі смартфонның қайсысын негізгі, ал қайсысын қосымша құрылғы ретінде қолданатынын таңдай алады.
Бұл ретте негізгі eSIM бірінші құрылғыда сақталады, ал екінші iPhone-ға қосымша eSIM беріледі. Екі смартфон да бір телефон нөмірін пайдалана алады.
Функция қалай істейді
Болжам бойынша, пайдаланушы белгілі бір уақытта өзіне қажет iPhone арқылы қоңырауларды қабылдап, телефон нөміріне байланысты басқа да қызметтерді пайдалана алады.
Мобильді байланысты басқару негізгі смартфонда сақталады. Ал пайдаланушының орналасқан жері телефон нөмірі сол сәтте қолданылып жатқан құрылғы арқылы анықталуы мүмкін.
Бұл мүмкіндік жеке және жұмысқа арналған iPhone қолданатындарға пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, бір смартфонды қуаттауға қойып, сол нөмірді екіншісінде пайдалануды жалғастыруға болады. Сондай-ақ функция қосымша iPhone ұстайтын немесе смартфондарын жиі ауыстырып қолданатын пайдаланушыларға арналған.
Оператор қолдауы қажет
iOS 27 жүйесін орнатудың өзі iPhone Handoff функциясын пайдалану үшін жеткіліксіз. Жаңа мүмкіндікті қолдану үшін бір-бірімен үйлесімді екі iPhone және мобильді оператордың қолдауы қажет болады.
MacRumors мәліметінше, функцияны алғашқылардың бірі болып АҚШ-тағы T-Mobile және Германиядағы Deutsche Telekom операторлары ұсынуы мүмкін. Басқа елдерде функция қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.
iOS 27 жүйесінің толық нұсқасы бета-тестілеу аяқталғаннан кейін қыркүйек айының соңында шығады деп жоспарлануда. Сол кезде функцияның қай операторлар мен елдерде қолжетімді болатыны туралы толығырақ ақпарат белгілі болуы мүмкін.
Әзірге iPhone Handoff функциясын Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының абоненттері пайдалана ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Тағы да оқыңыз: iPhone Ultra мен iPhone 18 Pro Max-тің жаңа макеттері көрсетілді.