
Apple компаниясының алғашқы бүктелмелі iPhone Ultra смартфоны бренд тарихындағы ең қымбат модель болуы мүмкін. Kursiv LifeStyle жаңа смартфонның Қазақстандағы болжамды бағасын есептеп көрді.
Әлеуметтік желіде Apple-дің жаңа құрылғысына қатысты ақпарат қызу талқыланып жатыр. Болжам бойынша, австралиялық Vodafone операторы iPhone Ultra-ға қатысты тауар карточкаларын сайтында мерзімінен бұрын жариялап қойған. Соның арқасында желіде смартфонның болжамды бағалары пайда болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, смартфонның Австралиядағы бағасы мынадай болуы мүмкін:
- 256 ГБ iPhone Ultra – 3 699 австралиялық доллары (шамамен 1,2 млн теңге);
- 512 ГБ iPhone Ultra – 4 199 австралиялық доллары (шамамен 1,4 млн теңге);
- 1 ТБ iPhone Ultra – 4 699 австралиялық доллары (шамамен 1,54 млн теңге).
Айта кетейік, Австралияда Apple өнімдерінің бағасы АҚШ-пен салыстырғанда дәстүрлі түрде шамамен 200–400 долларға жоғары. Сондықтан смартфонның АҚШ-тағы бағасы бұдан төмен болуы мүмкін. Бұл әзірге ресми расталмаған ақпарат.
iPhone Ultra Қазақстанда қанша тұруы мүмкін
Осы бағаларды негізге алсақ, жергілікті үстемеақы мен валюта бағамын ескергенде, iPhone Ultra-ның Қазақстандағы құны бұдан да жоғары болуы ықтимал.
iPhone 17 сатылымға шыққан кездегі Apple өнімдерінің АҚШ пен Қазақстандағы бағалар айырмашылығына сүйенсек, компанияның алғашқы бүктелмелі смартфоны Қазақстанда одан да қымбат болуы мүмкін. Болжам бойынша, iPhone Ultra-ның 256 ГБ нұсқасы Қазақстанда кемінде 2,3 млн теңге, 512 ГБ моделі шамамен 2,6 млн теңге, ал 1 ТБ нұсқасы 2,9 млн теңгеге дейін баруы мүмкін. Бұл есепте валюта бағамы мен сатушылардың үстемеақысы ескерілген. Ал сатылым басталған кезде сұраныстың жоғары болуына байланысты баға одан әрі қымбаттауы ықтимал.
Apple компаниясы бүктелмелі iPhone-ды 2026 жылғы 9 қыркүйекте таныстырады деп күтілуде. Ақпараттың тараған нұсқасына сәйкес, алдын ала тапсырыс қабылдау 12 қыркүйекте басталуы мүмкін.