Димаштың жанкүйерлері DiMENSIONS әлемдік турына дайындалып жатыр

Жарияланды 14 Қыркүйек 2026 22:21

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Димаштың жанкүйерлері DiMENSIONS әлемдік турына дайындалып жатыр / Фото: dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің DiMENSIONS әлемдік турының басталуына бір айдан астам уақыт қалды, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.

Әншінің ресми сайтының хабарлауынша, әр елдегі жанкүйерлер алдағы концерттерге дайындалып, түрлі акциялар ұйымдастырып жатыр.

Турдың алғашқы концерті 18 қазанда Краковта өтеді. Бұл Димаштың Польшадағы алғашқы жеке концерті болмақ. Осыған орай жергілікті жанкүйерлер екі күндік акция өткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан, Димаш және оның шығармашылығы туралы ақпарат таратқан.

Келесі концерт 30 қазанда Мадридтегі Palacio Vistalegre аренасында өтеді. Испаниялық фан-клуб концертті қолдау мақсатында ақпараттық науқан бастап, елдегі қалаларда әншінің афишаларын орналастырған. Инициативаға қазірдің өзінде 150-ден астам дүкен мен түрлі мекеме қосылған.

Ал Латын Америкасында Димашты 24 қарашада Чилиде күтеді. Әнші Сантьягодағы Movistar Arena-да алғаш рет жеке концерт береді. Шоуға деген қызығушылық жоғары болып, барлық билет сатылып кеткен. Қаладағы үлкен цифрлық экрандардың бірінде Димашқа арналған құттықтау жазуы да көрсетілген.

Еске салайық, Димаш Құдайберген тамыз айында DiMENSIONS атты жаңа әлемдік турын жариялаған еді. Жоба арқылы әншінің командасы Димашты көрерменге тек ерекше дауыстың иесі ретінде емес, жаңа қырынан танытуды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз