
Қазақстан азаматтары алдағы уақытта Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанға шетелдік паспортсыз-ақ, жеке куәлікпен саяхаттау мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында қазіргі таңда тиісті жоба талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
ТМҰ Бас хатшысы Қубанычбек Өмүралиевтің хабарлауынша, мамандар бес ел арасындағы өзара сапарларды жеңілдету бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Біз бұл жүйенің басқа да түркі мемлекеттерімен жүзеге асуы бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әңгіме Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан туралы болып отыр. Бұл бастаманы бр елмен ғана емес, бірлесе отырып жүзеге асыра аламыз», – деді Өмүралиев.
Тәжірибе бар: Жоба кімдерді қамтиды?
Мұндай жеңілдетілген тәртіп қазіргі таңда Әзербайжан мен Түркия арасында сәтті қолданылып келеді. Енді бұл ережені ұйымға мүше өзге де мемлекеттерге тарату жоспарланып отыр.
Шекарадан өту ережесі жеңілдейтін мемлекеттер: Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан.
Әзірге бұл жүйе нақты қай мерзімде енгізілетіні белгісіз. ТМҰ Бас хатшысының сөзінше, мәселе ұйымның күн тәртібінде тұр және дайындық жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтау жоспарланған.