
Қырғызстанда өткен көшпенділер ойындарының ашылуын жүргізген блогер Айзада Жамгырчиева қазақстандық депутаттан сыйға алған көлігін көрсетті, деп жазады KursivMedia.
Еске сала кетейік, Көкпар федерациясының президенті әрі Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров ойындарда Қазақстан құрамасын ерекше ықыласпен таныстырған қырғызстандық блогерге көлік мінгізген еді. Содан кейін депутаттың бұл әрекеті сынның астында қалды.
Айзада Жамгырчиева миллиондаған оқырманы бар парақшасында қазақ депутатына алғыс айтты.
«Кейде бір сыйлықтың артында мың сөзге татитын мән жатады. Қазақ халқы, уәдеде тұрып, көрсеткен сый-құрметтеріңіз үшін шын жүрегімнен алғыс айтамын! Қырғыз бен қазақты шекара бөліп тұрғанымен, жүрегімізді ештеңе бөле алмайды. Тарихымыз тамырлас, тіліміз үндес, көңіліміз бір. Қазақ еліне көп рахмет!», – деген Айзада Жамгырчиева.
Бұған дейін депутат Олжас Құспеков әріптесінің бұл сыйлығын Қазақстанды халықаралық аренада құрметпен танытқан жүргізушіге көрсетілген жеке қолдау әрі екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың көрінісі деп бағалаған.