
Алматының орталығындағы Димаш Құдайберген бейнеленген муралды қалпына келтіру жұмыстары 25 қыркүйектен кейін басталуы мүмкін. Бұл туралы Алмалы ауданы әкімінің аппараты Kursiv.Media жолдаған ресми сауалға берген жауабында хабарлады.
Айта кетейік, биыл 30 наурызда Димаш Құдайбергеннің муралы боялып тасталғаны белгілі болған еді. Сол кезде бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары мен қала тұрғындарының наразылығын тудырған.
Алмалы ауданы әкімдігі наурызда муралдың жағдайы нашарлағанын айтып, қабырға автордың келісімімен қайта өңделетінін мәлімдеген. Әкімдік жарамсыз болып қалған сурет өшіріліп, оның орнына жаңа портрет салынатынын хабарлаған еді.
Алайда содан бері бірнеше ай өтсе де, Димаштың жаңа муралы пайда болған жоқ.
Жаңа эскиз енді дайындалады
Алмалы ауданы әкімінің аппараты муралды қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Әкімдіктің жауабына сәйкес, оның ішінде жаңа эскизді әзірлеу және келісу қарастырылған.
«Эскиз бойынша жұмыстарды орындау үшін 2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласына алдын ала келісім жасалған маман келеді. Ол келгеннен кейін эскизді дайындау және келісу бойынша қажетті жұмыстар жүргізіледі», – делінген әкімдік жауабында.
Осылайша, наурыз айында мурал алынып тасталғанымен, жаңа суреттің эскизін әзірлеу жұмыстары қыркүйектің соңында жалғасады.
Мурал қашан дайын болады?
Әкімдік 25 қыркүйектен кейін муралды қайта қалпына келтіру жұмыстарына тікелей кірісуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Дегенмен муралдың толық аяқталатын нақты күні әзірге белгісіз.
«Жұмыстарды аяқтаудың нақты мерзімі эскиз бекітіліп, қажетті жұмыстардың көлемі нақтыланғаннан кейін айқындалады», – деп жауап берді Алмалы ауданы әкімінің аппараты.
Сондай-ақ муралды қалпына келтіруге тиісті мамандар тартылатыны айтылған.
Осылайша, Димаш Құдайбергеннің муралы алынып тасталғаннан кейін бірнеше ай өткенде де жаңа эскиз әлі бекітілмеген. Әкімдіктің қазіргі жоспары бойынша негізгі жұмыстар 25 қыркүйектен кейін басталмақ. Ал жаңартылған муралдың нақты қашан дайын болатыны әзірге ашық күйінде қалып отыр.