
Мөлдір Әуелбекованың бұрынғы продюсері Бағым Мақсатқызы әншінің «Құдай сақтасын, беті аулақ» деген сөзіне жауап берді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Мөлдірге бірқатар сауал қойып, бұрынғы қарым-қатынастарына қатысты ренішін ашық жеткізді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Үнсіздікті әлсіздік деп қабылдап жүрген «шәкіртім», ақылға тоқтайтын жасқа жетсең де, басқа сыймайтын әрекет жасап, артық сөз сөйлеуді қоймапсың», – деп бастады жазбасын Бағым Мақсатқызы.
Ол Мөлдірдің «Құдай сақтасын, беті аулақ» деген сөзін дұрыс емес деп санайтынын білдірді.
«Құдайға шүкір айтып отырып, сол Құдайдың «жақсылық жасаған адамға алғыс айт» деген аманатының орнына «бәлесінен аулақ» деуің дұрыс па?» – деп жазды ол.
Бағым Мақсатқызы бұдан бөлек, Мөлдірдің шығармашылық жолының басталуына өзі көмектескенін айтып, «бәріне өз күшіммен жеттім» деуіне қатысты да пікір білдірді.
«Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, «бәріне өз күшіммен жеттім» деуің дұрыс па?» – деді ол.
Сондай-ақ Бағым Мақсатқызы Мөлдірдің кезінде оның шаңырағында тұрғанын айтып, өзіне қатысты сатқындық жасады деп айыптады. Бұған қоса, күйеуінің назары мен ұлына тиесілі қаражатқа байланысты да ренішін жеткізді.
Ол бұл мәселелерді жылдар бойы іште сақтап келгенін айтып, Мөлдірдің өзін құрбан ретінде көрсетуіне қарсылық білдірді.
«Мен бәрін кештім. Жылдар бойы өз жарамды өзім таңып, үндемей, іштей жылап қана келемін. Менің күйімді біле тұра, өзіңді құрбан қып көрсетуің дұрыс па?» – деп жазды Бағым Мақсатқызы.
Соңында ол Мөлдір Әуелбековаға өзіне және отбасына қатысты енді пікір білдірмеуді ескертті.
«Тәубе мен тәрбиені тілге тиек етсең, ендігәрі біз жаққа қарап сөйлеме. Сонда мен де жұмған аузымды ашпаймын», – деді ол.
Бағым Мақсатқызы сонымен қатар Мөлдірді елге танытқан әнді атап, оның әлі күнге дейін табыс әкеліп отырғанын айтты.
«Дәл осы ән сені елге танытты, атақ әкелді, әлі күнге дейін табыс әкеліп отыр. Сондықтан қайдан шыққаныңды, кімнің арқасында танылғаныңды ұмытпа», – деп жазды ол.
Әлеуметтік желіде әнші Мөлдір Әуелбекова Баян Мақсатқызымен татуласуға қатысты «Құдай сақтасын, бетін аулақ» деп жауап қатқан. Әнші өзінің өнердегі ұстаздарымен араздасқанына біраз уақыт өтті. Ол КешYOU-дың 20 жылдық концерттеріне де қатыспады.