
Азия даму банкі (АБР) Қазақстан экономикасына қатысты болжамын өзгерткен жоқ. Банк 2026 жылы елдің ЖІӨ-сі 4,8%-ға, 2027 жылы 4,5%-ға өседі деп күтеді, деп хабарлайды Kursiv Media. Инфляция биыл 10,4%, келесі жылы 9,5% болуы мүмкін.
Бір қызығы, мұнай секторы биыл бұрынғыдай экономиканың басты локомотиві болып отырған жоқ. Соған қарамастан өсім сақталады. Оны өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ішкі сұраныс және мемлекеттің ауқымды инвестициясы ұстап тұр.
АҚШ енгізген жаңа импорттық баждардың Қазақстанға тікелей әсерін де АБР шектеулі деп бағалайды. Себебі Қазақстанның АҚШ-қа негізгі экспортының бірі саналатын уран мен бірқатар шикізат жаңа тарифтерден босатылған.
Мұнай азайды, өңдеу өнеркәсібі жеделдеді
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті. Бір жыл бұрын осы кезеңдегі өсім 6,3% болған.
Баяулаудың негізгі себептерінің бірі – мұнай. Алты айда мұнай өндірісі 8,4%-ға, жалпы тау-кен секторы 4%-ға қысқарған. АБР мұны Теңіз кен орнындағы ұзақ үзіліспен және Қазақстан мұнайының басым бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумындағы іркілістермен байланыстырады.
Бірақ мұнайдағы әлсіздіктің орнын басқа салалар толтыра бастады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім былтырғы 5,6%-дан 9,8%-ға дейін жеделдеді. Құрылыс бірден 15,2%-ға артқан.
Яғни биылғы экономикалық өсімнің құрылымы біршама өзгерді: мұнай аз үлес қосып, ішкі экономика белсендірек жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет экономикаға қанша ақша құяды?
Өсімді ұстап тұрған тағы бір фактор – мемлекеттік және квазимемлекеттік инвестиция. АБР биыл Қазақстандағы инвестиция 8%-ға өседі деп болжайды. Негізгі драйверлердің қатарында инфрақұрылымдық жобалар, «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» бар.
«Бәйтерек» 2026 жылы шамамен $16,4 млрд қаржыландыруды жоспарлаған. Бірінші жартыжылдықтың соңына қарай оның $6,2 млрд-ы берілген. Демек жылдың екінші жартысына шамамен $10,2 млрд қалады.
Ал «Самұрық-Қазынаның» биылғы жоспарланған инвестициялық шығыны – тағы $10,9 млрд. Екі холдингтің бір жылға жоспарланған қаржыландыруы мен инвестициясын қосқанда шамамен $27,3 млрд шығады.
АБР осы құбылысты бюджеттен тыс фискалдық ынталандыру деп сипаттайды. Қарапайым тілмен айтқанда, экономиканы қолдауға жұмсалатын ақшаның бір бөлігі мемлекеттік бюджеттен тікелей шықпайды. Ол мемлекеттік холдингтер мен даму институттары арқылы экономикаға келеді.
Бюджетке түсетін салмақ азайған жоқ
Сонымен бірге мемлекеттік бюджеттің жағдайы жеңілдеп кеткен жоқ. Бірінші жартыжылдықта бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3,2%-ына дейін өскен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,6% болған.
Ұлттық қордан берілетін трансферттер, керісінше, ЖІӨ-нің 5,1%-ынан 2,6%-ына дейін азайды. Номиналды ҚҚС түсімі 41,9%-ға өскен. Тағы бір назар аударарлық көрсеткіш – мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығыны. Ол ЖІӨ-нің 3%-ына жеткен.
Яғни Ұлттық қордан түсетін ақша азайып келеді, бюджет әлі де тапшылықта, ал экономиканы инвестициямен қолдауда квазимемлекеттік сектордың рөлі күшейіп отыр.
Инфляция тәуекелі де бар
АБР Қазақстандағы инфляцияны 2026 жылы 10,4%, 2027 жылы 9,5% деңгейінде болжап отыр. Бағаның өсуіне коммуналдық тарифтер, жанармай құны және экономикаға бюджеттен тыс арналар арқылы келетін мол қаржы әсер етуі мүмкін.
Осылайша Қазақстан экономикасының биылғы жағдайы өзгеше: мұнай өндірісі төмендеді, бірақ экономика тоқтаған жоқ. Өсімді өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ең бастысы – мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың ірі инвестициялары ұстап тұр.