
Астана туристік ағынын жылына 4–6 млн адамға дейін арттыра алады. Бұл үшін көлік қатынасын және қалалық инфрақұрылымды дамыту қажет, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатындағы қоғамдық тыңдауда белгілі болды. «Future of Mobility» компаниясының даму жөніндегі директоры Ұлыбек Кимановтың мәліметінше, қазір елордаға жылына шамамен 1,6 млн турист келеді. Оның 400 мыңы – шетелдік саяхатшылар.
«Қазіргі туристік ағын Астананың әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Туристік ағынды жылына 4–6 млн адамға дейін жеткізуге болады. Шетелдік туристердің үлесі 24%-дан 35%-ға дейін өссе, олардың саны 1,5–2 млн адамға жетуі мүмкін», – деді Ұлыбек Киманов.
Оның айтуынша, Астана 22 елмен әуе қатынасын жүзеге асырады. Салыстыру үшін Ташкентте 37, Бакуде 32 елмен әуе байланысы бар.
Сонымен қатар, қазіргі төрт және бес жұлдызды қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындары туристердің қазіргі ағынына жеткілікті болғанымен, алдағы бес жылда олардың саны жеткіліксіз болуы мүмкін.
Астананың туристік әлеуетін арттыру үшін «болашақ қаласы», «мегакөпшілік іс-шаралар астанасы» және «мәдениет пен табиғат тоғысқан қала» бағыттары ұсынылды. Осы тұжырымдамалар аясында киберспорт орталығы, цифрлық парк, заманауи өнер орталығы, жаңа көрме орталығы, 50 мыңнан астам орындық стадион, жаңа әуежай, этноорталық және гастрокөше сияқты жобалар қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін желтоқсаннан бастап Астанадан Бангкокқа тікелей рейс ашылатыны туралы жазған едік.