
Зейнетке шыққанда ай сайынғы тұрақты табысқа қарап өмір сүруге тура келеді. Бірақ коммуналдық төлем, азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да күнделікті шығындар артқан кезде зейнетақы бәріне бірдей жете бермейді. Бірі қосымша жұмыс іздейді, енді бірі үйден табыс табудың немесе өз мүлкін пайдаланудың жолын қарастырады. Зейнетақысы күнделікті шығынға жетпейтін азаматтар табысын қалай толықтыра алады? «Курсив» тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Айта кетейік Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болса, ақпандағы орташа жиынтық зейнетақы 157 843 теңгені құрады. Алайда нақты төлем әр адамның еңбек өтілі мен жинағына қарай өзгереді.
Алдымен қандай төлемдер алуға құқығы барын тексеру керек
Қосымша жұмыс іздемес бұрын зейнеткер өзі алып жүрген төлемдерін тексергені дұрыс. Қазақстандағы зейнетақы жүйесі базалық, ынтымақты (ортақ) және жинақтаушы бөліктерден тұрады. БЖЗҚ-да жинағы бар азаматтар зейнет жасына жеткен кезде қордан да ай сайын төлем ала алады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты төлемдердің орташа айлық мөлшері 39 мың теңгеге жуық болды. Бұл төлем бюджеттен берілетін зейнетақыдан бөлек есептеледі.
Сондықтан зейнеткер алдымен ХҚКО немесе БЖЗҚ арқылы өзіне тиесілі барлық төлемдер рәсімделгенін тексергені жөн.
Зейнеткер болып жұмыс істеуге болады
Зейнетке шығу еңбек қызметін бірден тоқтатуды білдірмейді. Денсаулығы мен мүмкіндігі бар азамат бұрынғы жұмысын жалғастыруына немесе өзіне қолайлы басқа жұмыс табуына болады.
Аймақтарда бұл үшін арнайы жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, Қарағанды облысында зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруға арналған «Алтын жас» жобасы бар. 2026 жылы жоба бойынша 600 квота бөлінген. Бағдарламаға қатысатын жұмыс берушілерге мемлекет қызметкер жалақысының 50%-ын, бірақ бір ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде субсидиялайды.
Өңірлік жобаға мұғалім, бухгалтер, менеджер, күзетші, медбике секілді мамандар қатысып, жұмысқа орналасқан мысалдар бар. Қарағанды облысында «Алтын жас» арқылы 2026 жылы 702 зейнеткер жұмысқа орналастырылғаны хабарланған.
Яғни қосымша табыс үшін міндетті түрде жаңа мамандық меңгерудің қажеті жоқ. Кей жағдайда адамның ондаған жылдық тәжірибесінің өзі еңбек нарығында қажет болуы мүмкін.
50 жастан асқандарға «Күміс жас» бар
Бұл жерде бір маңызды айырмашылық бар. «Күміс жас» жобасы зейнеткерлерге емес, зейнеткерлік жасқа әлі жетпеген 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарға арналған.
Жоба бойынша жұмыс орны 36 айға дейін субсидияланады. Мемлекет алғашқы 12 айда жалақының 70%-ын, кейінгі кезеңде 65% және 60%-ын өтейді. Субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды.
Сондықтан зейнет жасына әлі жетпеген, бірақ жұмыстан қысқарып қалған адамдар үшін бұл да табысты толықтырудың бір жолы болуы мүмкін.
Өз ісін бастауға мүмкіндік
2026 жылдан Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі жұмыс істейді. Ол үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес, бірақ адам жалдамалы жұмысшы пайдаланбауы, Үкімет бекіткен қызмет түрлерінің тізімінен жұмыс істеуі және ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен, яғни 1 297 500 теңгеден аспауы керек.
Режимнің ерекшелігі – жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0%, ал әлеуметтік төлемдер табыстың 4%-ын құрайды. Есеп жүргізу мен чекті арнайы мобильді қосымша арқылы рәсімдеуге болады.
Рұқсат етілген қызмет түрлерінің ішінде такси, дайын тағам жеткізу, курьерлік қызмет, шаштараз, фотография, компьютер мен жиһазды жөндеу, сондай-ақ жеке тұрғын үйді жалға беру сияқты бағыттар бар.
Бұл мүмкіндік зейнеткерлерге де қатысты.
Пәтерді жалға беру – тағы бір табыс көзі
Егер зейнеткердің бос тұрған пәтері, бөлмесі немесе басқа тұрғын үйі болса, оны заңды түрде жалға беру тұрақты қосымша табыс көзіне айналуы мүмкін.
Мұнда ең бастысы – табысты жасырмай, салық талаптарын сақтау. 2026 жылдан өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режим тұрғын үйді жалға беруді де қамтиды. Бұл әсіресе толық жұмыс күніне шығуды қаламайтын адамдар үшін қолайлы болуы мүмкін.
Табысы өте төмен адамдар әлеуметтік көмекке де үміткер
Қосымша ақша табу әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан табысы төмен қарт адамдарға мемлекеттік әлеуметтік көмек мүмкіндігін де тексерген жөн.
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар мен отбасыларға беріледі. Зейнеткерлік жасқа жеткен немесе еңбекке қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және жалғыз тұратын аз қамтылған адамдар шартсыз ақшалай көмек алуға құқылы болуы мүмкін.
2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елде 218,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның жалпы көлемі 23,1 млрд теңгені құраған.
АӘК-ке тұрғылықты жердегі мансап орталығы арқылы немесе eGov арқылы өтініш беруге болады.
Қосымша табыс іздегенде нені ескерген жөн
Зейнеткер үшін ең дұрыс жұмыс міндетті түрде ең көп ақша әкелетін жұмыс емес. Ең маңыздысы – денсаулыққа салмақ салмайтын, жолға көп шығын шығармайтын және адамның бұрынғы тәжірибесіне сәйкес келетін жұмыс табу.
Мысалы, ұзақ жылдар бойы мұғалім болған адам үшін білім беру саласындағы жұмыс, бухгалтер үшін есеп жүргізу, тігінші үшін тапсырыс қабылдау немесе шебер үшін үйден қызмет көрсету ыңғайлы болуы мүмкін. Ал толық жұмыс күні ауыр болса, жарты күндік немесе икемді жұмыс кестесін қарастырған жөн.
Бұл ретте «оңай ақша», жоғары табыс немесе инвестиция арқылы тез пайда табуды уәде ететін ұсыныстардан сақ болған маңызды. Зейнетақыға қосымша ақша іздеген адам үшін табыстың тұрақтылығы мен заңдылығы жоғары тәуекелді табыстан маңыздырақ.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтар қартайған шағында немен айналысады.