
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты істі тоқтатты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сот 30 қыркүйекте Ерболат Жанабыловтың үйде жанжал шығарып, әйелі Эльмира Төлегенованың қолынан ұстағанын және осылайша оның тыныштығын бұзғанын анықтаған.
«Аталған әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған.
Жанабыловтың әрекеттері ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен, яғни отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жасау ретінде сараланды.», – деп хабарлады сот.
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, оның ішінде әлеуметтік желідегі бейнежазбамен расталған.
Ақпаратқа сүйенсек, сот отырысында Ерболат Жанабылов хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, кінәсін мойындады және әйелімен татуласуға ниетті екенін мәлімдеген. Блогер жұбайымен татуласу туралы жазбаша келісім ұсынып, құжат іс материалдарына тіркелген.
«Жәбірленуші Төлегенова сотта жұбайы ұрып-соқпағанын, олардың арасында сөзге келіспеушілік болғанын түсіндірді. Сондай-ақ, жұбайымен татуласу ниетін растап, татуласу туралы келісімге өз еркімен, шын ниетімен, қандай да бір қысымсыз қол қойғанын көрсетті», – делінген сот хабарламасында.
Тараптардың татуласқаны туралы жазбаша келісім негізінде сот істі тараптардың татуласуына байланысты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сот Жанабыловтың бұған дейін мұндай әрекетпен сотқа тартылмағанын да ескерген. Оған тағылған бастапқы айып, яғни ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі болған. Бұл отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамдарға қатысты балағат сөз айту, қорлап тиісу, кемсіту, тұрмыстық заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттерге қатысты заң. Егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, ескерту жасауға, 20 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе бес тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.
Еске салайық, Эльмира Төлегенова әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Ерболат екеуінің ажырасу процесінде екенін айтқан. Дегенмен полиция келген уақытта Төлегенова шара қолданбау туралы арыз берген. Осыған қарамастан, Жанабылов сотқа тартылып, сот жабық режимде өткен.