
Қазақстандық балуан Эльмира Сыздықова Aichi-Nagoya 2026 жазғы Азия ойындарында әйелдер күресінен 76 келіге дейінгі салмақта финалға жолдама алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы Қытай өкілі Ли Вэньцзимен белдесті. Тартысты өткен кездесуде Сыздықова қарсыласын 9:8 есебімен жеңіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Финалда Эльмира Сыздықованы мықты қарсылас күтіп тұр. Ол жарыс қожайыны, жапониялық Юка Кагамимен алтын жүлдені сарапқа салады.
Сыздықова ширек финалда Моңғолия өкілі Даваанасан Энх-Амарды жеңіп, жартылай финалға шыққан болатын.
Эльмира Сыздықова – Юка Кагами финалы бүгін, 2 қазанда өтеді. Финалдық белдесулер Астана уақытымен 14:00-ден басталады. Сыздықова шамамен 15:20-да боз кілемге шығады. Тікелей эфир Qazsport арнасынан көрсетіледі.
Бұған дейін, бокстан Төрехан Сабырхан Азия ойындарындағы алғашқы алтынды алды.