«Екі күнде тігілген образ»: дизайнер Садраддиннің киіміне қатысты пікір білдірді

Жарияланды 3 Қазан 2026 15:13

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Әнші Садраддиннің концертке киген сахналық образы көпшілік талқысына түскен болатын. Осы ретте дизайнер Назым Қарпықова «Бүгін LIVE» бағдарламасында бұл образ екі күнде тігілгенін айтты.

Ол образдардың негізгі идеясы туралы баяндап, концепцияны әзірлеуге Садраддиннің өзі қаншалықты қатысқанын ашып айтты.

«Концерт режиссерлерінен сұрағанда, «осындай космосқа қатысты образ болады, Садраддин жоғарыдан түседі» деді. Өз тарапымыздан неше түрлі эскиздерді көрсеттік. Сол эксиздердің ішінде осы образ командасына да, әншінің өзіне де қатты ұнады. Екі күннің ішінде тігілген киім еді. Әншінің сауытын өзіміз жасадық. Заманауи батыр ретінде көрсеткіміз келді», – дейді Қарпықова.

Сонымен бірге дизайнер желі қолданушылары тарапынан айтылып жатқан сындарға қатысты көзқарасын білдірді.

«Садраддинді басқа қырынан, жаңа стильде көрсеткіміз келді. Әншіні жаңа стильде көру біраз адамдарға ұнады, ұнамағаны да бар. Әлі де маған «костюм тым ерекше және корсет дұрыс болмады» деп жазып жатыр. Десе де өзіме қатты ұнады, алдағы уақытта осындай қиын образдарды тіге береміз», – дейді дизайнер.

Садраддин концентін 27 қыркүйекте Алматыдағы Орталық Стадионда өткізген.

Әнші екі сағат ішінде 20-ға жуық әнін орындады, оның ішінде жаңа тректер де бар. Ливан әншісі Махер Зейн, украин орындаушысы Adro, қырғыз рэпері Bakr-мен бірге дуэт жасады. Сол концертте киген «сауыт костюмі» әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланған.

Сондай-ақ оқыңыз