
4 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылады. Батыс пен орталықта жаңбыр соңы қарға ұласса, оңтүстік өңірлерде нөсер жауын жауып, кей жерлерде дауылды жел соғады, деп хабарлайды «Қазгидромет».
Оңтүстікте нөсер жауын
Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауады. Жамбыл облысында бұршақ жауып, дауыл туруы ықтимал. Екпінді желдің жылдамдығы секундына 23–28 метрге дейін жетеді.
Шымкент пен Түркістан қалаларында термометр бағаны күрт төмендеп, күндіз 15–17 градус жылыны көрсетеді. Жамбыл облысының таулы аудандарында ауа температурасы 9 градусқа дейін төмендейді. Ал Қызылорда облысының солтүстігінде түнде топырақ беті 1 градусқа дейін тоңзымақ.
Батыс пен Орталықта қар жауып, көктайғақ болады
Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жаңбырдың соңы қарға ұласады. Орал мен Ақтөбеде түнде ауа температурасы 1–3 градусқа дейін төмендеп, күндіз 5–7 градустан аспайды.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен батысында көктайғақ болжанған. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында түнде және таңертең қалың тұман түседі.
Елордада күн суытады
Астанада ауа райы күрт өзгермек. Сенбідегі 19–21 градус жылы ауа пайынан кейін жексенбіде термометр бағаны күндіз 8–10 градусқа дейін төмендейді. Кешке қарай жаңбыр қарға айналып, желдің екпіні секундына 25 метрге жетеді. Ақмола облысы бойынша желдің жылдамдығы 30 метрден асуы мүмкін.
Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында ауа райы жылы болмақ. Күндіз ауа температурасы 25–27 градусқа дейін көтеріледі. Алматыда жауын жаумайды.
Дауылды ескерту жарияланды
Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Қарағанды, Павлодар облыстарында дауылды жел соғады. Алакөл маңында желдің екпіні секундына 28 метрге дейін күшейеді.
Сонымен қатар, синоптиктер 6 қазанда Абай облысында ауа райы одан әрі нашарлап, желдің екпіні 30 метрден асатынын ескертті.
Бұған дейін елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, оңтүстікте найзағай ойнайтыны хабарланған.