
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік тууына байланысты өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отыр, деп жазады Kursiv.media.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жағдай тұрақты. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы жоғары немесе ауру белгілері бар, аса қауіпті инфекцияға күдікті адамдар анықталмаған.
«Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен. Ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталып жатыр, ал алдын ала диагноз ресми түрде расталмаған. Медициналық бақылауда байланыста болған 197 адам бар. Олардың ешқайсысынан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр», – делінген хабармаламада.
4 қазанда Ресейдің Роспотребнадзоры Иркутск облысында, Иркутск қаласы мен Шелеховта санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Ведомство оба ауруының жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеген.
Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өлімі әзірге этиологиясы анықталмаған пневмониямен байланысты деп сипатталып отыр. Министрлік азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сенуге кеңес берді.
Сапардан кейін ауру белгілері байқалса, медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге барған жері мен сапар күндері туралы хабарлау қажет.
Тағы да оқыңыз: Тұмауға қарсы екпе егу басталды: ең алдымен кімдерге салынады