
Жапонияда өткен Аичи–Нагоя-2026 жазғы Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшыларға ақшалай сыйақы төленеді.
Қолданыстағы тәртіп бойынша Азия ойындарының чемпионына 10 мың доллар, күміс жүлдегерге 5 мың доллар, ал қола медаль иегеріне 3 мың доллар беріледі. Бапкерлерге тиісінше 5 мың, 3 мың және 2 мың доллар қарастырылған.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарын 12 алтын, 24 күміс және 48 қола – барлығы 84 медальмен аяқтады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орын алды.
Алайда сыйақының жалпы көлемін тек 84 медальды белгіленген сомаға көбейту арқылы есептеу дұрыс емес. Себебі командалық жарыстарда бір медаль бірнеше спортшыға тиесілі және команданың әр мүшесі сыйақыны толық көлемде алады. Осыны ескерген есеп бойынша қазақстандық спортшыларға 545 мың доллар немесе шамамен 244 млн теңге төленуі тиіс.
Жүлдегерлерді дайындаған бапкерлердің сыйақысы шамамен 310 мың доллар немесе 139 млн теңгені құрайды. Осылайша спортшылар мен бапкерлерге берілетін сыйақыны қосқанда жалпы шығын 855 мың долларға, яғни шамамен 383 млн теңгеге жетеді.
Министр 50 мың доллар туралы айтқан
Айта кетейік, Азия ойындары басталмай тұрып Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов чемпиондарға берілетін сыйақыны 50 мың долларға дейін көбейту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, жаңа мөлшерді заңнамалық деңгейде бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал Аичи–Нагоя Азия ойындарының чемпиондарына қосымша сыйақыны бюджеттен тыс қаражат есебінен төлеу көзделген.
Алайда қазіргі қолданыстағы норма бойынша Азия ойындарының алтынына мемлекеттік сыйақы әлі де 10 мың доллар болып есептеліп отыр. 50 мың долларға дейінгі төлемнің нақты тәртібі мен мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
Қазақстан құрамасы Аичи–Нагоядағы Азия ойындарын 12 алтын, 24 күміс және 48 қола — барлығы 84 медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алды. Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, Қазақстанға Азия ойындарының бокстағы алтынын 12 жылдан кейін қайта әкелді.