
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Ресейдің Иркутск облысында оба ауруы таралуы мүмкін деген ақпарат пен өңірде енгізілген карантин шараларын бақылап отыр, деп жазады Kursiv.media.
«Әкімшілік індет туралы ақпараттан хабардар, жағдайды бақылап отыр және бұдан әрі қандай шаралар қабылдау керегін қарастырып жатыр», – деді Ақ үй өкілі.
Axios.com басылымының мәліметінше, АҚШ әкімшілігінің назарын Иркутск облысындағы оба жұқтыруы мүмкін деген ақпарат пен карантин шаралары аударған.
Оба бактериялық жұқпалы ауру қатарына жатады. Уақытында емделмеген жағдайда адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Алайда АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, ауруды антибиотиктермен дер кезінде емдеуге болады.
Бұған дейін БАҚ Иркутск облысындағы обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген 28 жастағы Дарья Шипилованың қайтыс болғанын хабарлаған. Алдын ала ақпарат бойынша, 25 қыркүйекте ол өкпе обасының қоздырғышы бар сынауықты сындырып алған. 29 қыркүйекте ауыр пневмония белгілерімен ауруханаға түскен әйел 2 қазанға қараған түні қайтыс болған.
Осыдан кейін Ресей билігі өңірдегі бірнеше медициналық мекемеде карантин шараларын енгізіп, Шипиловамен байланыста болуы мүмкін деген 200-ге жуық адамды медициналық бақылауға алған.
Алайда Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев бақылаудағы адамдардан ауру белгілері анықталмағанын, жүргізілген тест нәтижелері теріс болғанын мәлімдеді.
Ресейдің денсаулық сақтау органдары Шипилованың оба жұқтырғанын әзірге ресми түрде растаған жоқ. Ресми нұсқа бойынша, оған этиологиясы белгісіз пневмония диагнозы қойылған. Кейінгі зерттеулерден инфекция қоздырғышы анықталмаған.
Қазақстан да бұл жағдайдан кейін шекарадағы карантин бақылауын күшейтті. Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы жоғары немесе ауру белгілері бар, аса қауіпті инфекцияға күдікті адамдар анықталмаған.