Астанада 562 несие пәтеріне өтініш қабылдау басталады
Жарияланды

Астанада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 562 пәтерді несиеге беру үшін өтініш қабылдау басталады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, пәтерлер А91 көшесіндегі №36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлерінен беріледі.
Оның ішінде:
- 166 – бір бөлмелі;
- 276 – екі бөлмелі;
- 80 – үш бөлмелі;
- 40 – төрт бөлмелі пәтер.
Тұрғын үйлер дайын әрлеумен сатылады. Несие мөлшерлемесі 5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2%-дан 5,8%-ға дейін болады. Бастапқы жарна 10%-дан басталады.
Пәтердің бір шаршы метрінің құны 332 916 теңге болып белгіленген.
Айта кетейік, осыған дейін «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға үй таңдауға тағы 3 ай уақыт берілгені туралы жазған едік.