
Сәкен Майғазиев МузАРТ триосының қалай құрылғанын, бұл идеяның қалай пайда болғанын айтып берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Әнші бұл туралы Хабар арнасына берген сұхбатында хабарлады.
«Маған Мақсат (Базарбаев – ред.) пен Мейрамбек (Бесбаев – ред.) бірінші ұсыныс жасады. Кездейсоқ көшеден Мейрамбекті көріп қалдым. Ол кезде мейрамханаларда ән шырқап жүрген едім. Әрі студентпін. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқимын», – деп есіне алды Сәкен Майғазиев.
«Сені іздеп жүргенімізге қанша уақыт болды»
Оның сөзінше, сабаққа кетіп бара жатқанда, Сәкен мінген рафик ұдайы Көк базардың жанында сәл аялдайтын болған. Әнші көліктің алдыңғы жағында отырыпты. Таңғы сегізде жаяу кетіп бара жатқан Мейрамбекті көліктің терезесінен көріп қалады. Қасында Руслан деген досы бар. Сәкен көліктен секіріп түсіп, қастарына жүгіріп барып, Мейрамбекпен амандасқан.
«Біз бір-бірімізді танимыз. Мейрамбектің концерваториядан Өнер академиясына ауысып келген кезі. Сол кезде Мейрамбек: «Сәкен, сен білесің бе, сені іздеп жүргемізге қанша уақыт болғанын?» деп сұрады. Ол кезде қалта телефоны жоқ. Үйдің телефоны дейтіндей, тұрақтайтын да жеріміз жоқ. Пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезіміз. Пейджерім бар еді. Оны Мейрамбекке қалдырдым», – деді әнші.
Сосын Сәкен кездесу орны ретінде Мейрамбекке Көк базардың қасындағы мейрамхананың мекенжайын қалдырған. Кешке қарай, Мақсат, Мейрамбек және Жанатбек (Бәйтеков), Сәбит (Әбдіхалықов) келді. Олар трио құру мақсаттары бар екенін айтқан.
Саят Медеуов те МузАРТ әншісі болуы әбден мүмкін еді
Сәкен Майғазиевтің баяндауынша, Мақсат пен Мейрамбек басында үштік болып шыққысы келген екен. Өйткені, дуэт болса, «Нұр-Мұқасан» тобына ұқсап кетуден тартынған. Трио құруды ұйғарған соң, алдымен топтың құрамына Саят Медеуовті алғысы келген. Алайда, үш түрлі дауыс болуы керек деп, соңында таңдау Сәкен Майғазиевке түсіпті.
Айта кететін жайт, МузАрт тобының құрамында өзгеріс болды. Мақсат Базарбаевтың орнына Кенжебек Жанәбілов келген болатын. Таяуда Сәкен Майғазиев халықтан сүйінші сұрап, сырқатынан жазылған Кенжебек Жанәбіловтың Ақтауға ұшып келгенін хабарлады.