Асанәлі Әшімов атындағы театрдың «Томирис» спектаклі екі фестивальде жүлдеге ие болды

Жарияланды 8 Қазан 2026 11:25

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Асанәлі Әшімов театры

Асанәлі Әшімов атындағы театрдың «Томирис» спектаклі республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде екі бірдей марапатқа ие болды. Қойылым «Ертіс-Баян» республикалық фестивалінде арнайы жүлде алса, «ТЕАТР ALL» халықаралық фестивалінде актер Мұхтар Қосыбай үздік деп танылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Томирис» спектаклі қазақ тарихындағы сақ патшайымы Томиристің өмірі мен қайсарлығын сахналайды. Қойылымның авторы – жазушы Болат Жандарбеков, режиссері – Гауһар Адай.

Спектакльде ел тағдыры, ерлік, намыс, азаттық пен туған жерге деген адалдық тақырыптары қозғалады. Сонымен қатар Томиристің билеуші әрі ана ретіндегі ішкі толғанысы, ел алдындағы жауапкершілігі мен жеке басының сезімдері арасындағы күрделі таңдау көрсетіледі.

Театр ұжымы режиссер әрі педагог Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестиваліне осы қойылыммен қатысты. Фестиваль қорытындысында «Томирис» спектаклі «Ерсайын Тәпенов атындағы арнайы жүлдеге» ие болды.

Бұдан бөлек, қойылым Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалінде сахналанды.

Халықаралық фестивальде спектакльдегі Бахтияр рөлін сомдаған Мұхтар Қосыбай «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясының жеңімпазы атанды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Асанәлі Әшімов театрында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесінің желісі бойынша дайындалған жаңа спектакль қойылатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз