
Алматыда бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған, құрылысы аяқталмаған Есентай өзенінің жағасындағы қонақүйдің ғимараты қайта жаңғыртылып, технологиялық хабқа айналады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Алматы әкімдігі мәліметіне сүйенсек, қалада технологиялық бизнес, әзірлеушілер, стартаптар мен зерттеушілерге арналған жаңа инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Осы мақсатта Almaty AI Hub және Almaty AI Park атты екі ірі жоба жүзеге асырылуда.

Almaty AI Hub
Ол аяқталмаған қонақүй ғимаратында орналасады. Аумағы 9,4 мың шаршы метрден асатын нысан 556 жұмыс орны бар көпфункционалды алаңға қайта бейімделеді.
«Мұнда IT және AI компаниялары, стартаптар мен әзірлеушілерге арналған кеңістіктер, білім беру алаңдары, коворкингтер, кеңселер, конференция және іс-шара өткізу орындары орналасады», – деді әкімдіктегілер.
Хаб құрамында жасанды интеллект мектебі мен AI Campus инфрақұрылымы болады. Сондай-ақ, робототехникаға арналған демонстрациялық және оқу алаңдары қарастырылған. Технологиялық компаниялар кеңселер мен коворкингтерді пайдалана алады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, нысанды қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беруді 2027 жылдың I–II тоқсанында жоспарлап отыр.

Almaty AI Park
Ол 4,9 гектар аумақта, алдын ала ақпарат бойынша, Құлжа трактісіндегі Шығыс қақпалары ауданында жаңадан салынады. Кешеннің жалпы аумағы шамамен 76 мың шаршы метр болады.
Жоба аясында R&D және AI зертханалары, технологиялық компаниялардың кеңселері, коворкинг, акселератор мен бизнес-инкубатор, сондай-ақ іс-шаралар мен білім беру инфрақұрылымы құрылады.
Кешен құрамында технологиялық кластердің ішінде мамандар даярлайтын университет те болады.
«Жеке бағыт ретінде жас компанияларды қолдауға басымдық беріледі. Стартаптарға бірлесіп жұмыс істеуге, презентациялар мен pitch-сессиялар өткізуге арналған кеңістіктер жасалады. R&D зертханалары жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, сынақтан өткізуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады әкімдік.

Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңді 2027 жылдың желтоқсанында, ал екінші кезеңді 2028 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
Бұған дейін Сатыбалдыдан қайтқан Байсат базары бірнеше рет аукционға шығарылып, өз құнынан арзанға сатылған еді. Оны ERG-дің су жаңа акционері, ірі бизнес әлеміндегі жаңа жұлдыз – Шахмұрат Мүтәліптің серіктесі, «Integra Construction KZ» бақылау кеңесінің төрағасы, Todini Costruzioni Generali SpA директорлары кеңесінің мүшесі Күдрәт Шамиев сатып алған.