2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық Энн Карсонға берілді

Жарияланды 8 Қазан 2026 16:05

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: bozar.be

2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық ақын әрі жазушы Энн Карсонға берілді. Бұл туралы 8 қазанда Швед академиясы мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Биылғы лауреаттың есімі Швецияның Стокгольм қаласында өткен арнайы рәсімде жарияланды. Әлемдегі ең беделді әдеби марапаттардың бірін 76 жастағы канадалық қаламгер Энн Карсон иеленді.

Энн Карсон туралы не белгілі?

Энн Карсон 1950 жылы Канаданың Торонто қаласында дүниеге келген. Ол – ақын, эссеист, аудармашы және антикалық әдебиетті зерттеуші.

Карсон шығармашылығы поэзия мен прозаны, ежелгі грек мифологиясы мен қазіргі заман тақырыптарын ұштастыруымен ерекшеленеді. Ол әдеби жанрлардың дәстүрлі шекарасынан шығып, көркем мәтінге жаңаша көзқарас қалыптастырған қаламгерлердің бірі саналады.

Жазушының ең танымал шығармаларының бірі – 1998 жылы жарық көрген «Autobiography of Red» («Қызылдың өмірбаяны»). Шығармада ежелгі грек мифологиясы қазіргі заман оқиғаларымен астасады.

2001 жылы Энн Карсон «Жарасымды жар» (The Beauty of the Husband) шығармасы үшін беделді Т. С. Элиот атындағы поэзия сыйлығын жеңіп алған алғашқы әйел атанды. Сондай-ақ ол Гуггенхайм және Макартур стипендияларына ие болған.

Нобель сыйлығына тағы кімдер үміткер саналды?

Биыл әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын қытай жазушысы Цань Сюэ, канадалық Энн Карсон, австралиялық Джеральд Марнейн немесе жапон қаламгері Харуки Мураками алуы мүмкін деген болжамдар айтылған еді.

Алайда Нобель комитеті үміткерлердің ресми тізімін жарияламайды. Сыйлыққа нақты кімдердің ұсынылғаны, оларды кім және қанша рет ұсынғаны туралы ақпарат 50 жылдан кейін ғана ашылады.

Бұған дейін Kursiv Media Нобель сыйлығының мұрағатындағы 1973–1975 жылдардағы деректерді талдап, ең көп номинация жинаған жазушының міндетті түрде жеңімпаз атанбайтынын жазған.

Мәселен, 1973 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы алты рет ұсынылған австралиялық жазушы Патрик Уайтқа берілген. Ал сол жылы У. Х. Оден 12, Андре Мальро 8, Владимир Набоков 5 номинация жинаған.

1974 жылы марапат швед жазушылары Эйвинд Юнсон мен Харри Мартинсонға бұйырды. Ал 1975 жылы сыйлық небәрі екі номинация алған итальян ақыны Эудженио Монталеге берілді.

Нобель сыйлығының ақшалай жүлдесі қанша?

2026 жылы Нобель сыйлығының ақшалай жүлдесі 12 млн швед кронасын, яғни шамамен 1,2 млн АҚШ долларын құрайды.

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері табысталып келеді. Алғашқы лауреат француз ақыны Сюлли-Прюдом болған. 2025 жылы бұл марапат венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиге берілді.

Биылғы лауреатқа алтын медаль, диплом және ақшалай сыйлық 10 желтоқсанда Стокгольмде өтетін салтанатты рәсімде табысталады.

Сондай-ақ оқыңыз