
Астрономдар қысқа гамма-сәулелену жарқылынан кейін шамамен 10 минутқа созылған рентген сәулесін тіркеді. Бұл ғарыштағы ықшам нысандардың қосылуынан кейінгі бұрын байқалмай келген ерте кезеңді зерттеуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
EP250704a деп белгіленген рентгендік, ал GRB 250704B деп аталған гамма-сигнал 2025 жылғы 4 шілдеде Einstein Probe ғарыш телескопы, сондай-ақ6 SVOM және Insight-HXMT обсерваториялары арқылы тіркелген.
Алдымен ғалымдар шамамен 0,4 секундқа созылған қысқа гамма-жарқылды байқаған. Алайда оның көзі бірден жоғалмай, тағы 10 минутқа жуық жұмсақ рентген сәулесін бөліп шығарған.
Зерттеушілердің пікірінше, мұндай сәулеленуді бұрынғы телескоптар байқамауы мүмкін. Себебі оның энергиясы төмен болғандықтан, көптеген гамма-телескоптардың бақылау диапазонына түспеген.
Ғалымдар оқиғаны рентген, оптикалық және радио диапазондарында зерттеп, оның аса жаңа жұлдыз жарылысына қатысы жоқ екенін анықтаған. Деректер бұл құбылыстың ықшам ғарыш нысандарының қосылуымен байланысты екенін көрсеткен.
Ғалымдардың болжамынша, соқтығысудан кейін жылдам айналатын әрі өте күшті магнит өрісі бар магнетар – нейтронды жұлдыздың ерекше түрі пайда болуы мүмкін. Ол ұзақ уақыт энергия бөліп, рентген сәулесінің жалғасуын түсіндіре алады. Алайда бұл әзірге тек ықтимал сценарий.
Бұл жаңалық ғарыштағы гамма-жарқылдарды ғана емес, гравитациялық толқындармен қатар жүретін ықшам нысандардың қосылу процестерін де зерттеуге мүмкіндік береді.
Зерттеушілердің айтуынша, Einstein Probe телескопының жұмсақ рентген диапазонында аспанның үлкен бөлігін бір уақытта бақылау мүмкіндігі мұндай сәулеленуді оқиға басталған сәттен тіркеуге жол ашқан. Болашақ бақылаулар нейтронды жұлдыздардың қасиеттері мен гамма-жарқылдардың пайда болу механизмдерін тереңірек түсінуге көмектеседі.
Айта кетейік, осыған дейін бағытын өзгерткен комета Күнге соқтығысып, жұтылып кеткені туралы жазған едік.