
Павлодар облысындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет құну тіркелді. Сирек кездесетін жыртқыш жануар фотомониторинг жүргізу барысында фототұзаққа түсіп қалған. Бұл туралы Qazaq Ormany әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Мамандардың мәліметінше, құну (расомаха) – сусар тұқымдасына жататын сирек кездесетін жыртқыш. Қазақстанда оның негізгі таралу аймағы Оңтүстік Алтайдың таулы-тайгалы өңірлерін қамтиды.
Алайда бұл жануардың өзінің негізгі мекенінен едәуір алыс аумақтарда кездескені туралы тарихи деректер де бар.
Мәселен, 1932 жылы құну қазіргі Ақмола облысындағы Бурабай ормандарында байқалған. Ал 1948-1949 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Шағалалы көлі маңында тіркелген.
Ғалымдар мұндай жағдайларды жекелеген жануарлардың алыс қашықтыққа қоныс аударуымен байланыстырады.
Баянауылда құну алғаш рет тіркеліп отыр. Мамандардың пікірінше, сирек жыртқыштың негізгі таралу аймағынан алыс жерде анықталуы оның қозғалысы мен таралу ерекшеліктерін зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.
Бұған дейін, «Алтын Емел» ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түсіп қалған еді.