
Актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева қазақстандықтарды әр жұма сайын садақа беруге шақырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Өйткені, оның пікірінше, садақаның пайдасы ұшан теңіз. Жамандық атаулыдан сақтап, тіпті, адам өмірін ұзартуға да септігі тиеді.
«Жұма қабыл болсын. Бүгінгі күндерің сәтті өтсін. Оң қолыңның бергенін, сол қолың білмесін дейді. Садақа деген келе жатқан кесір-кесапаттың, жамандықтың, көп нәрсенің алдын алып кетеді. Тіпті, сіздің өміріңізді ұзартатын да – садақа. Жұма күні қалтаңызда жүз теңге болса да, садақа беріп үйреніңіз», – деді актриса.
Өзі қорларға, мешіттерге ұдайы садақа жіберіп отыратынын айтты. Соңғы кездері қиын жағдайға тап болған адамдарға да қол ұшын беріп жүргенін жасырмады.
«Алматыда көршілерімнің үлкен үйі өртеніп кетті. Сол кісілерге жібердім. Семейде бір апайым бар. Ол кісі арбада отырады. Сол кісінің дәрі-дәрмегіне көмектесемін. Қолыңыздан келгенінше, мүмкіндігіңізше, әр жұмада аз болсын, көп болсын садақа беруді графигіңізге кіргізіп қойыңыз. Бұл сізді байытады, сақтап жүреді. Жүрегіңізге тыныштық сыйлайды», – деді Айгүл Иманбаева.
Айта кететін жайт, актриса мұның алдында неге жеке өмірді желіде көрсетуге болмайтынын түсіндірген еді.