Yandex-ке балама: Қазақстан неге өз платформасын құрмайды

Жарияланды 12 Қазан 2026 13:01

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Қазақстан өз платформасын құра ала ма/ бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда Yandex сервисінің жұмысындағы іркіліс елде отандық цифрлық платформаларды құру қажеттігін күн тәртібіне қайта шығарып отыр.  Қазақстан неге Yandex Go-ға балама болатын өз платформасын құра алмай отыр? Отандық сервистің дамуына не кедергі? Инвестиция тапшылығы ма, әлде нарықтағы бәсекелестік пе? Мүмкін, басқа себептер де бар шығар. Kursiv.Media тілшісі бұл сұраққа жауап іздеп көрді. 

Қазақстанда танымал Yandex Go, inDrive, Bolt сынды платформалар жұмыс істейді. Ал отандық қосымшаларға Aparu, Region Taxi, Tez Taxi, Tappy Taxi кіреді. Алайда олар қамту мен адамдардың пайдалануы жағынан өңірлік деңгейде қалып отыр. «Курсив» басылымының 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанның такси нарығында «Яндекстің» үлесі бір жылда 48,6%-дан 59,2%-ға дейін өскен. Ал негізгі бәсекелестерінің бірі InDrive-дің үлесі 23,9%-дан 18,9%-ға дейін төмендеген. Зерттеу нәтижесінде «Яндекстің» өңірлердегі позициясы да күшейгені байқалған. Соған қарағанда нарықтағы ең көп сұраныс бәрібір Yandex Go-ға тиесілі. 

Өз платформамызды құруға техникалық мүмкіндік бар ма

IT-сарапшы Нұржол Табиғат елімізде мұндай платформа құруға техникалық мүмкіндік мол екенін айтады. 

Нұржол Табиғат IT-маман/ жеке мұрағат

«Қазақстандық IT-мамандар Yandex Go деңгейіндегі платформаны әзірлеуге қауқарлы. Алайда мәселе тек қосымша жасаумен шектелмейді. Мұндай сервисті дамыту үшін жүргізушілер мен пайдаланушыларды тарту, төлем жүйесін жолға қою, қызмет сапасын тұрақты қамтамасыз ету және бизнесті кеңейту қажет. Бұл жердегі басты мәселе – мамандардың жоқтығында емес, оларды қолдайтын инвестиция мен тиімді басқару жүйесінің жеткіліксіздігінде», – дейді Нұржол Табиғат. 

Сарапшының пікірінше, шетелдік платформалармен бәсекелесу үшін технологияның болуы жеткіліксіз. Оған қоса, мықты команда, ұзақ мерзімді стратегия және қомақты қаржы қажет. Ол мысал ретінде Yandex секілді технологиялық компаниялардың қалыптасуында инвесторлардың қолдауы маңызды рөл атқарғанын айтады. 

Ал елімізде 35 жылда мұндай платформаның болмауын немесе осындай деңгейге шықпауын техникалық мүмкіндікке байлап қоюға болмайды. 

«Қазақстанда мұндай платформаның осы уақытқа дейін қалыптаспауын инвестиция тапшылығы, технологиялық бизнесті ауқымды деңгейге шығарудағы тәжірибенің аздығы және дайын шетелдік сервистерді пайдаланудың жеңілдігімен байланыстыруға болады. Елде білікті мамандар да бар, ендігі міндет – сол әлеуетті халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өнім жасауға бағыттау», – сарапшы. 

Неліктен Қазақстанда Yandex Go-ға бәсекелес такси сервисін құру қиын

Қазақстандық IT-маманы Райымбек Төлешевтің пікірінше, елде Yandex Go деңгейіндегі такси сервисін іске қосу үшін мобильді қосымшаның өзі жеткіліксіз. Негізгі шығындар инфрақұрылымға, деректерді өңдеуге және нарықта бәсекеге қабілетті болуға жұмсалады.

Райымбек Төлешев IT-маман/ жеке мұрағат

Оның айтуынша, қосымшаны әзірлеу шамамен 50–70 млн теңгеге бағаланса, толыққанды такси платформасын құруға 30–50 млрд теңге және 3–5 жыл қажет болуы мүмкін. 

Мұндай сервистің жұмысы күрделі технологиялық жүйеге байланысты. Ол бір мезетте жақын маңдағы жүргізушіні анықтап, кептелістерді ескеріп маршрут құруы, жол ақысын есептеуі және жүздеген мың пайдаланушының сұранысын өңдеуі керек. Ол үшін сапалы карталар, үлкен көлемдегі деректер мен қуатты серверлік инфрақұрылым қажет.

«Тағы бір кедергі – қалыптасқан нарықтағы бәсеке. Оның бағалауынша, ірі қалалардағы такси нарығының шамамен 90%-ы Yandex Go үлесінде. Сондықтан жаңа ойыншыға жүргізушілер мен таксопарктерді тарту үшін жеңілдіктер мен бонустарға қомақты қаржы бөлуге тура келеді», – дейді ол.

Маман DiDi мен Bolt тәжірибесін де мысалға келтіреді. Оның айтуынша, бұл сервистер Қазақстан нарығында орнығып кете алмады. Ал inDrive негізінен жолаушы мен жүргізуші арасындағы баға келісіміне сүйенетіндіктен, жұмыс үлгісі жағынан дәстүрлі такси агрегаторларынан ерекшеленеді.

Райымбек Төлешевтің пікірінше, мұндай жобаны жүзеге асыруға Kaspi немесе Halyk сияқты ірі қаржы ұйымдарының мүмкіндігі жетуі ықтимал. Алайда жаңа сервистің нарыққа шығуы үшін қолданыстағы қызметтерден айқын артықшылығы болуы керек.

Оның пайымдауынша, такси нарығындағы негізгі мәселе – бір ірі ойыншыға тәуелділік. Yandex Go жұмысындағы іркілістер бүкіл елдегі пайдаланушыларға әсер етуі мүмкін. Сондықтан балама сервистердің пайда болуы нарықтағы бәсекені күшейтіп қана қоймай, қызмет тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды.

«20 млн халық жаһандық платформа үшін жеткіліксіз»  

Мұндай платформаны құруға қомақты қаражат қажет. Қазақстанда халықаралық деңгейдегі, тым болмағанда өз нарығын өзі қамтитын сервис қызметінің әлі күнге дейін жоқтығына себеп болып отырған қаржы бағытындағы сұрақтарды экономист Сапарбай Жобаевқа да қойдық. 

Экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев/ жеке мұрағат

Оның айтуынша, қазақстандық платформалар болғанымен, олар халықаралық деңгейге шыға алмай отыр. Оған да бірнеше себеп бар. 

«Ресейдің нарығы өте үлкен. Оларда халық саны 146 млн болса, елде 20 млн адам ғана бар. Мұндай ауқымды нарыққа келетін платформаға деген талап та жоғары болады. Оған қоса, олардың техникалық құрылғыларының қауқары да басым. Мәселен, біз  Microsoft,  Facebook платформаларына сай болатын, олармен бәсекеге түсе алатын өнімдерді жасауға ұмтылмаймыз. Мысалға iPhone шығару үшін дүниежүзі бойынша миллиард тұтынушы қажет. Қытай мен Үндістан осы бойынша Америкамен бәсекелесе алады. Ал енді Қазақстанға келетін болсақ, өзімізді Орта держава деп қаншалықты мақтағанымызбен, 20 млн халық мұндай платформалар үшін тиімді бола алмайды. Біз ауылдарға интернет тарта алмай жүргенде, мұндай платформаға көп инвестиция құйсақ та, табысы аз болады. Сондықтан Ресей, Түркия, Америка, Қытай сынды елдердің алдыңғы қатарлы платформаларын пайдалану ағаттық емес. Ал олар ел азаматтарын жұмыспен қамтып, заңдарды орындауға, салық төлеуге міндетті деп есептейміз», – дейді экономист. 

Сарапшы мұндай платформалар құрылған күнде де, мемлекет оны реттеу және дамытумен ғана айналысады. 

«Ал оларды құруға, жасауға инвесторлар өздері бастама жасауы керек. Мемлекет мұндай өндірістерге инвестиция құя берсе, кейін тиімсіз болып, шығынға ұшырауы мүмкін. Себебі осыған дейін мұндай мысалдар кездесті. Кремний зауыты, тікұшақ жасайтын зауыт  сынды бастамалар көп болды. Меніңше, мұндай жобаларды кәсіпкерлер мемлекеттің көмегінсіз жасауы керек. Ал бізде көп жағдайда  мемлекет қаржы бөліп, оның соңы талан-таражға ұласып жатады. Кейін біржола тоқтап тынады. Осы қатты қынжылтады», – дейді Сапарбай Жобаев. 

 «Күнімізді қалай көреміз?»: такси жүргізушілері балама платформа күтеді  

Ал Yandex Go-да жеткізу мен такси қызметінде 5 жылға жуық уақыт жұмыс істеген Дамысбек Сырғалы  адам тасымалдау, тамақ пен дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізу саласында Яндекс жетекші логистикалық компаниялардың бірі екенін айтады. Себебі бұл платформа арқылы жүздеген мың адам жұмыс істеп, табыс тауып отыр.

Дамысбек Сырғалы такси қызметі/ жеке мұрағат

«Алайда кешеден бері туындаған жағдай такси жүргізушілері мен жеткізу қызметінің жұмысына айтарлықтай әсер еткен. Мен өзім Wolt қызметіне ауысып кеттім. Мысалы, Wolt, inDrive және Glovo арқылы да жұмыс істеуге болады. Сондықтан жүргізушілердің басқа сервистерге ауысуына мүмкіндік бар. Өз басым Яндекстің комиссиясы жоғары деп санаймын. Ең болмағанда комиссия мөлшерін төмендетсе деймін», – дейді ол. 

Дамысбектің айтуынша, қазір көптеген азамат көлікті жалға алып, такси жүргізу немесе жеткізу қызметі арқылы күн көріп жүр. Яндекс жұмысындағы іркіліс олардың табысына тікелей әсер етеді. Осындай жағдайлар жүргізушілердің басқа платформаларға тәуелді болмай, балама сервистерді де пайдалану қажеттігін көрсетеді. 

« Yandex  қызметіне сеніп, несиеге көлік алғандар мұндай ақаудан кейін «күнімізді қалай көреміз» деп алаңдап қалды. Қазір қосымша жұмыс істеп тұрғанымен, әлі де ақау бар. Жеткізу қызметі, төлемді дұрыс көрсетпей тұр. Сондықтан отандық платформа құрылса, біз соны пайдаланатын едік», – дейді ол. 

Еске салсақ, Ресейдің Рязань облысындағы «Яндекс» дата-орталығына дрон шабуылынан кейін өрт шықты. Бұл жағдайдан кейін Қазақстандағы Yandex платформасының жұмысы тоқтады. Қазақстанда сервистің істемей қалуына байланысты жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақауға қатысты мәлімдеме жасаған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз