Қазақстан атынан 150 спортшы Азия Пара ойындарына аттанды

Жарияланды 12 Қазан 2026 16:23

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан құрамасы Жапонияда өтетін V Азия Пара ойындарына аттанды. 18–24 қазан аралығында Айчи–Нагояда өтетін жарыста еліміздің намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғайды, деп хабарлайды Kursiv Media.

Астанада Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық құрамасын Азия Пара ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Шара барысында спортшыларға Қазақстанның Мемлекеттік туы табысталды.

Құрама атынан пара жеңіл атлетика өкілі Дастан Мұқашбеков ант берді.

Қазақстандық спортшылар пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара жүзу, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг және басқа да спорт түрлерінен медаль үшін таласады.

Қазақстан құрамасының алғашқы маскоты таныстырылды

Шығарып салу рәсімінде Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық құрамасының алғашқы ресми маскоты таныстырылды. Оған «Жеңіс» деген атау берілген.

Маскот қарақал бейнесінде жасалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол қайсарлықты, рух күшін және адамның шексіз мүмкіндіктерін білдіреді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Азия Пара ойындарына 4 мыңға жуық спортшы қатысады

V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.

Байрақты бәсекеге Азияның 45 елі мен өңірінен шамамен 4 мың спортшы қатысады деп жоспарланған.

Жарыс бағдарламасына 18 спорт түрі енгізілген. Спортшылар жалпы 502 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Қазақстан құрамасы бұл жарыста 12 спорт түрінен бақ сынап, ел қоржынына жүлде салуға тырысады.

Сондай-ақ оқыңыз