Қазақстан футболы қашан дамиды: жаңа стадиондар мен реформалар нәтиже бере ме

Қазақстан футбол құрамасының соңғы ойындары жанкүйерлердің көңілінен шықпай жүргені анық. Алайда ұлттық құраманың ойынына қатысты сын күшейген тұста елде футбол инфрақұрылымын дамыту, балалар академияларын салу және кәсіби лигаларды реформалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өзгерістер Қазақстан футболын жаңа деңгейге көтере ала ма және оның нәтижесін қашан көреміз? Kursiv.Media осы сұрақтарға жауап іздеді.
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн 8 қазанда Фарер аралдарымен өткен матчтан (2:2) кейін жанкүйерлерге үндеу жасады. Ол Ұлттар лигасының іріктеу кезеңі аяқталған соң, футболшыларды даярлау жүйесіне толық талдау жүргізілетінін мәлімдеді.
Тексеру тек негізгі құрамамен шектелмейді. Федерация U-15, U-16, U-17, U-19 және U-21 жасөспірімдер мен жастар құрамаларының жұмысын, бапкерлерді даярлау жүйесін және футболшыларды дамыту бағдарламаларын қайта қарамақ.
Скотт Манн талдау нәтижесіне қарай түбегейлі шешімдер қабылдануы мүмкін екенін де жасырмады. Ал федерацияның стратегиялық мақсаты – Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионатына шығару.
Дегенмен ұлттық құраманың қазіргі нәтижелері ел футболындағы барлық өзгерісті көрсетпейді. Соңғы жылдары Қазақстанда футбол алаңдары салынып, жеке инвесторлар академияларға қаржы бөле бастады. Кәсіби клубтардың жұмыс істеу тәртібі де өзгеріп жатыр.
Қазақстанда футбол алаңдары жетіспейді
Қазақстанда балалар футболын дамытудағы басты мәселелердің бірі – инфрақұрылым тапшылығы.
«Казахстанская правда» басылымының мәліметінше, елде шамамен 7,4 мың футбол алаңы бар. Оның 1,4 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді. Ал қосымша 1,7 мыңға жуық жаңа алаң салу қажеттілігі анықталған.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, халықаралық футбол ұйымдары және жеке инвесторлар бір мезгілде қаржы бөле бастады. Қазақстан алғаш рет FIFA бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдардағы мектептерге 100 шағын футбол алаңын салуға толық қаржыландыру алды.
Жобаға қатысатын мектептер әлеуметтік жағдайы, халық тығыздығы және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі бойынша іріктеледі.
FIFA Arena бағдарламасы аясындағы алғашқы футбол алаңы Көкшетауда ашылды. Ол шамамен 900 оқушы білім алатын мектепке берілді. Келесі нысанды Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласында ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясы «Бәйтерек» холдингі және «Даму» қорымен бірлесіп, өңірлерде KFF Arena нысандарын салуға ниетті кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несие мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетіктерін әзірлеп жатыр.
Жеке инвесторлар футбол академияларын сала бастады
Қазақстан футболындағы маңызды өзгерістердің бірі – балалар футболына жеке капитал тартыла басталды.
2025 жылдың маусымында Алматы облысының Талғар қаласында KFF Academy by Almaty International Airport академиясының құрылысы басталды.
Жалпы аумағы 5,5 мың шаршы метр болатын кешенде жабық спорт залы мен футболшыларға арналған жатақхана қарастырылған. Жобаның ерекшелігі – құрылыс толықтай Алматы халықаралық әуежайының қаражатына жүргізіледі. Оған бюджет қаржысы жұмсалмайды.
Бұдан бөлек, Kaspi.kz Астанада футбол академиясын салу жобасына қатысуға дайын екенін мәлімдеген.
Елімізде ірі стадиондар салу жұмыстары да қолға алынған. Алматыда 45 мың көрерменге арналған жаңа арена салынып жатыр. Ал Ақтөбеде 35 мың орындық, УЕФА-ның төртінші санатына сәйкес келетін стадион құрылысына үкімет резервінен 6,5 млрд теңге бөлінген.
Өңірлерде де ALAÑ бағдарламасы аясында футбол алаңдарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Алайда жаңа стадиондар мен академиялардың пайда болуы ұлттық құраманың бірден жақсы нәтиже көрсетуіне кепілдік бермейді. Ол үшін балаларды даярлау жүйесі де қатар дамуы керек.
Қазақстанда 1,5 млн адам футболмен тұрақты айналысуы тиіс
Қазақстан футбол федерациясы 2025–2030 жылдарға арналған балалар және бұқаралық футболды дамыту стратегиясын бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты – футболмен тұрақты айналысатын адамдар санын 1,5 миллионға жеткізу.
2025 жылы федерация ұйымдастырған іс-шаралар миллионнан астам қатысуды қамтыды. Дегенмен бұл көрсеткіш бірегей қатысушылардың немесе футболмен тұрақты шұғылданатын балалардың нақты санын білдірмейді. Бір адам бірнеше жарысқа қатысуы мүмкін. Елімізде алғаш рет жекеменшік кәсіби футбол мектептері мен академиялары арасында алты жас санаты бойынша чемпионат ұйымдастырылды. Бастауыш сынып оқушылары үшін «Балдәурен» турнирі өткізілді. Сонымен қатар ҚФФ-ның балалар футболына қатысты жобасы FIFA Talent Development Scheme бағдарламасының 2026 жылғы іріктеуінен өтті. Бағдарлама аясында дарынды балаларды анықтауға, іріктеуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды енгізуге 250 мың доллар бөлінеді.
Ақорданың дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда 17 өңірлік футбол орталығы мен екі академия жұмыс істеген. Онда жеті мыңнан астам бала жаттыққан.
Қазақстан футболы қашан нәтиже көрсете бастайды?
Футболдағы жүйелі өзгерістердің нәтижесі бірден байқалмайды. Мысалы, 2025 жылы сегіз жасында жаңа футбол алаңында жаттығуды бастаған бала 2035 жылға қарай ғана ұлттық құрамаға үміткер болатын жасқа жетеді. Сондықтан бүгін салынып жатқан академиялар мен футбол алаңдарының ұлттық құрама нәтижесіне әсерін бағалау үшін кемінде бірнеше жыл қажет.
Мұндай тәжірибе басқа елдерде де болған.
Исландия: шағын елдің үлкен жетістігі
2000 жылдардың басында Исландия футбол құрамасы Еуропадағы әлсіз командалардың бірі саналды. Халқы шамамен 350 мыңға жетер-жетпес мемлекет футболды дамыту үшін жабық манеждер мен жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін алаңдар салуға басымдық берді. Сонымен бірге балалармен жұмыс істейтін бапкерлердің біліктілігін арттырды. Жас футболшыларды УЕФА лицензиясы бар мамандар жаттықтыра бастады.
Нәтижесінде Исландия 2016 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалына жетті. Ал 2018 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысты.
Бельгия: реформадан әлем чемпионатының жүлдесіне дейін
Бельгия футболындағы өзгерістерге 2000 жылғы Еуропа чемпионатындағы сәтсіздік түрткі болды. Осыдан кейін елдің футбол федерациясы балалар командаларына арналған бірыңғай дайындық әдістемесін енгізді. Жасөспірімдер футболында кез келген жағдайда жеңіске жетуден гөрі ойыншының жеке қабілетін дамытуға басымдық берілді. Футбол академияларының жұмысы күшейтіліп, таланттарды даярлау жүйесі жаңартылды.
2015 жылы Бельгия құрамасы алғаш рет FIFA рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бұл жетістікке жету үшін елге шамамен жиырма жыл қажет болды.
Жапония: кәсіби лига футболды өзгертті
1980 жылдары Жапония футболы негізінен әуесқой деңгейде болды. 1993 жылы кәсіби J-League чемпионатының құрылуы ел футболындағы бетбұрыс кезеңіне айналды. Жаңа лигада клубтарға академия, инфрақұрылым және қаржылық тұрақтылық бойынша талаптар қойылды. Жапония ұзақмерзімді футбол стратегиясын қабылдап, клубтардың жұмысын бірыңғай стандарттарға сәйкестендіруге кірісті.
Нәтижесінде ұлттық құрама 1998 жылдан бері әлем чемпионаттарына тұрақты қатысып келеді.
Марокко: академиядан әлем чемпионатының жартылай финалына дейін
Марокко 2009 жылы Мұхаммед VI атындағы футбол академиясын ашты. Кейін ұлттық жаттығу орталығы салынды. Елде жергілікті футболшыларды даярлаумен қатар, Еуропада тәрбиеленген марокколық ойыншыларды ұлттық құрамаға тартуға көңіл бөлінді.
2022 жылы Марокко әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан алғашқы африкалық құрама атанды.
Бұл елдердің тәжірибесі футболды дамыту үшін стадион салу жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бапкерлердің біліктілігі, балаларды даярлаудың ортақ әдістемесі және клубтардың тұрақты жұмысы да маңызды.
Марат Омаров Қазақстан футболында нені өзгертті?
Қазақстан футболындағы қазіргі реформалардың бір бөлігі ҚФФ президенті Марат Омаровтың қызметімен байланысты. Ол 2024 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі, бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін басқарған Омаров футболға кәсіби спорт функционері ретінде емес, басқарушы ретінде келді. Ол алғашқы сұхбаттарының бірінде федерацияның міндетін «көрнекі жетістіктерге емес, іргетас қалыптастыруға» басымдық беру деп сипаттаған.
Қазіргі реформалар бірнеше бағытты қамтиды.
УЕФА және FIFA ұйымдарымен ынтымақтастық
ҚФФ президенті УЕФА басшысы Александер Чеферинмен кездесіп, қазақстандық футболға халықаралық мамандарды тарту мәселесін талқылады. Келіссөздер барысында төрешілік департаментінің басшысын таңдауға көмектесу, HatTrick бағдарламасы арқылы инфрақұрылымды қолдау және әйелдер футболын дамыту мәселелері көтерілді.
FIFA тарапынан мектептерге арналған футбол алаңдарын салу жобасының толық қаржыландырылуы да халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі болды.
Футбол клубтарын жекешелендіру
Қазақстанда кәсіби футбол клубтарын жеке басқаруға беру жұмыстары жүргізілді. Бұл – мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саясат. Федерация оны іс жүзінде жүзеге асыруға қатысады. Алғашқы мысалдардың бірі – Қызылорданың «Қайсар» клубы. Ол 2025 жылдың қазанында жеке басқаруға берілді. Жекешелендірудің негізгі міндеттерінің бірі – клубтардың бюджетке тәуелділігін азайтып, жеке инвестиция тарту.
Оқи отырыңыз: Миллиардерлер бәйгесі: Қазақстан футбол клубтарын кімдер бөліп алды
Премьер-лигадағы өзгерістер
2026 жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасына қатысатын клубтар саны 16-ға дейін көбейді. Сонымен қатар федерация 2028 жылға қарай легионерлер лимитін кезең-кезеңімен 12-ден 8 ойыншыға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
Бұл шешім отандық футболшыларға көбірек мүмкіндік беріп, клубтарды өз тәрбиеленушілерін дамытуға ынталандыруы тиіс. Дегенмен лимитті қысқарту өздігінен футболшылардың деңгейін көтермейді. Жас ойыншыларға тұрақты тәжірибе берумен қатар, олардың дайындығын жақсарту қажет.
Астанада УЕФА конгресі өтеді
2027 жылғы 22 сәуірде Астанада УЕФА-ның 51-сайлау конгресі өтеді. Еуропалық футбол ұйымының маңызды жиыны Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылмақ. Оны өткізу шығындарын УЕФА толық өз мойнына алады. Бұл шара Қазақстанның халықаралық футбол ұйымдарымен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы Астанада өтеді.
Реформалардың нәтижесін қалай бағалауға болады?
Қазақстан футболындағы өзгерістерді тек ұлттық құраманың алдағы екі-үш жылдағы нәтижесімен бағалау жеткіліксіз. Оның орнына бірнеше нақты көрсеткішке назар аударған жөн.
Біріншіден, FIFA бағдарламасы аясындағы 100 мектеп алаңының қаншасы салынып, балаларға қолжетімді болғанын бақылау қажет.
Екіншіден, елде лицензиясы бар балалар бапкерлерінің саны артуы тиіс. Жаңа алаңдардың пайдасы сол жерде жұмыс істейтін мамандардың біліктілігіне де байланысты.
Үшіншіден, жекешелендірілген клубтардың қаржылық тұрақтылығы маңызды. Жеке инвестордың келуі клубтың ұзақмерзімді дамуына ықпал ете ме, әлде тек меншік иесі ауыса ма – оны уақыт көрсетеді.
Төртіншіден, легионерлер лимиті қысқарғаннан кейін Қазақстан футболшыларының Премьер-лигадағы ойын уақыты мен нәтижелілігін бағалау керек.
Бесіншіден, Дастан Сәтбаев секілді жас қазақстандық футболшылардың Еуропаның бәсекесі жоғары чемпионаттарына қаншалықты жиі ауысатыны маңызды көрсеткіш бола алады.
Исландия, Бельгия, Жапония және Марокко тәжірибесі футболдағы жүйелі реформалардың жемісін көру үшін ұзақ уақыт қажет екенін көрсетті.
Қазақстанда да инфрақұрылым салынып, академиялар ашылып, кәсіби клубтардың жұмысы өзгеріп жатыр. Алайда осы бастамалардың нәтижесі олардың қаншалықты жүйелі жүзеге асырылатынына байланысты болады.
Ұлттық құраманың бүгінгі сәтсіздігі қазіргі реформалардың тиімсіз екенін дәлелдемейді. Бірақ жаңа алаңдар мен инвестициялар да болашақ жеңістерге кепілдік бере алмайды.
Қазақстан футболының шынайы жетістігі салынған стадиондардың санымен емес, сол жүйеде тәрбиеленген ойыншылардың деңгейімен және ұлттық құраманың нәтижесімен өлшенеді.