
Қазақстанда 2025-2030 жылдары білім беру саласын дамыту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыруға 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қаржы мектептердегі орын тапшылығын азайтуға, білім беру инфрақұрылымын жақсартуға және оқыту сапасын арттыруға жұмсалады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жоспар аясында қарастырылған қаражаттың 655,8 млрд теңгесі 2025 жылы жұмсалған. 2026 жылы осы мақсаттарға 74,7 млрд теңге, ал 2030 жылы 70,6 млрд теңге бөлу көзделген.
Ұлттық жоспардың негізгі бағыттарының бірі – мектептердегі орын тапшылығын шешу.
2020-2025 жылдары Қазақстанда 689 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Ал 2030 жылға дейін жыл сайын 160 мың жаңа оқушы орны ашылуға тиіс. Бұл халық санының өсуіне байланысты туындаған қажеттілікті өтеуге және қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар үш ауысыммен оқитын мектептердің үлесін 2025 жылғы 0,98%-дан 2030 жылы 0,5%-ға дейін төмендету жоспарланған. Апатты мектептердің саны да қысқаруы керек. Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай еліміздегі барлық орта мектеп химия, физика және робототехника пәндеріне арналған кабинеттермен қамтамасыз етілуі көзделіп отыр.
Білім сапасын арттыру үшін мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруге де көңіл бөлінеді. Жоспар бойынша, 2027 жылы педагогтердің 62%-ы, ал 2028 жылы 92%-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтуі керек. Сондай-ақ тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында әдістемелік қолдау көрсетілетін мемлекеттік мектептердің үлесін 2030 жылға қарай 3,9%-дан 14,2%-ға дейін арттыру көзделген.
Білім беру саласына салынатын инвестиция көлемін де ұлғайту жоспарланып отыр. Energyprom.kz оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйене отырып, 2026 жылы саладағы негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 732,5 млрд теңге болады деп жазады.
2027 жылы көрсеткішті 892,6 млрд теңгеге жеткізу, ал 2030 жылы 1,6 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
Сонымен бірге Қазақстан оқушыларының халықаралық зерттеулердегі нәтижесін жақсарту міндеті тұр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2025 жылғы PISA зерттеуінде қазақстандық оқушылар математикадан 414 балл, жаратылыстану ғылымдарынан 420 балл, оқу сауаттылығынан 385 балл жинаған. 2022 жылғы зерттеуде көрсеткіштер тиісінше 425, 423 және 386 балл болған. Яғни ең айқын төмендеу математика пәнінен байқалған.
Салыстыру үшін, ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш математикадан 463 балл, оқу сауаттылығынан 461 балл, жаратылыстану ғылымдарынан 482 балл болған. Осылайша, Қазақстанның нәтижесі үш бағыт бойынша да ұйымға мүше елдердің орташа көрсеткішінен төмен.
2029 жылғы PISA зерттеуіне дейін Қазақстан оқушыларының нәтижесін математика мен жаратылыстану ғылымдарынан 445 балға, оқу сауаттылығынан 406 балға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2029 жылы математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша ең төменгі деңгейден жоғары нәтиже көрсететін оқушылардың үлесін 57%-ға, оқу сауаттылығы бойынша 40%-ға жеткізу көзделген.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдердің орташа жалақысы қанша