
Алматы облысында құны 120 млрд теңгеден асатын жобаны жүзеге асырып жатқан шетелдік инвестордың шоттары бұғаттталып, өзі «алаяқтар» қатарына кіріп кеткен, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ірі мал шаруашылығы кешенін салып жатқан «Axis Holding Ltd» компаниясының басшысы Василий Филимонов Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгінген.
Бұған компанияның банктегі шоттарының «Антифрод-орталық» ақпараттық жүйесіне негізсіз енгізіліп, бұғатталуы себеп болды.
Бұл жағдай кәсіпорынның шаруашылық қызметіне үлкен кедергі келтіріп, инвестициялық жобаның жүзеге асуын тығырыққа тірей жаздады.
Комитеттің тапсырмасы бойынша Қостанай облысының прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген тексеру барысында шетелдік инвестордың тергеліп жатқан алаяқтық іске ешқандай қатысы жоқ екені анықталды.
Құқық қорғау органдары жіберген қателіктер мен заңбұзушылықтар жедел жойылып, «Антифрод-орталық» жүйесіндегі инвестордың мәртебесі қайта қаралды. Нәтижесінде компанияның банк шоттарындағы шектеулер толығымен алынған.
Бұған дейін инвесторды заңсыз жазаламақ болған департамент қызметкері айыппұл арқалаған.