Вьетнамдық инвесторлар Алматыда жаңа іскерлік аудан салуға ниетті

Вьетнамның ROX Group инвестициялық тобы Алматыдағы Almaty Downtown жаңа іскерлік ауданын дамытуға қызығушылық танытты. Компания қалада тұрғын үйлер, кеңселер, сауда орындары мен демалыс аймақтарын қамтитын көпфункционалды кешен салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kursiv Media қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ROX Living Global компаниясының бас директоры Чан Тхи Ми Лок бастаған вьетнамдық делегациямен кездесті. Кездесу барысында инвесторлар Almaty Downtown аумағында ауқымды құрылыс жобасын жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Жоба аясында тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, сауда алаңдары, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен демалыс орындарын салу қарастырылған.
Әкімнің айтуынша, әлемнің 12 елінде жұмыс істейтін ROX Group жылжымайтын мүлік, энергетика және қонақ үй бизнесі салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Алматыда жаңа іскерлік аудан қалай дамиды
Дархан Сатыбалды Алматының полиорталықты даму моделіне көшіп жатқанын атап өтті. Бұл модель бойынша қалада тұрғындар жұмыс істеп қана қоймай, күнделікті қажетті қызметтерді алып, спортпен шұғылданып, үйіне жақын жерде демала алатын жаңа орталықтар құру көзделген.
«Almaty Downtown жобасын қаланың негізгі даму орталықтарының бірі ретінде қарастырамыз», – деді әкім.
Қала басшысы вьетнамдық инвесторлардың бастамасын қолдағанын және әкімдік жобаны одан әрі пысықтауға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Әзірге көпфункционалды кешен құрылысының нақты құны, басталу мерзімі мен аяқталатын уақыты жарияланған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда Вьетнамдық такси қызметі іске қосылған еді.