
Журналист Дана Нұржігіт өмірінде болған оқиғаға негізделген сталкинг туралы «Көлеңке» атты кітабын жарыққа шығарды, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Сүйінші! Кітабым дайын! Каспи дүкенінен күтіңіздер!», – деді бұрынғы сенатор.
Дана Нұржігіттің айтуынша, тиражды шығаруға Жанар атты құрбысы мұрындық болған. Ол «көптеген танымал тұлғалардың кітаптарын шығарған, полиграфия саласын керемет меңгерген білікті маман».
«Кішкентай бөбегін өсіріп, үйіне жар, келін болып жүріп, жұмысын да тыңғылықты істейтін кәсіпкер. Кітаптың сапалы шығуына екеуміз ақылдасып отырып, көп іздендік. Оқырман кейіпіне еніп, жан-жақты қарадық. Қағаздың түсін де, әріптер өлшемін де, жолдарын, кітап салмағын да… Тосын сыйды да», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Ол бұрын сталкинг өмірлік сабақ болғанын ашық мәлімдеген еді.
«Сталкинг сынақ та, сабақ та болды мен үшін. Сол арқылы есеюдің маңызды 3 кезеңінен өттім: 1. Айналамның бәрі кінәлі. 2. Бәріне МЕН кінәлі. 3. Ешкім кінәлі емес! Қабылдадым. Ризамын.», – деп жазған еді бұрын Дана Нұржігіт.
Экс-сенатор қоқан-лоқы құрбаны болғанын жасырмаған. Екінші күйеуі сталкинг жасағанын айтқан еді. Тіпті, ашық сұхбатынан кейін тағы да белгісіз біреулер кибер-сталкинг көрсеткен.