
Алматыда 19-22 қазан аралығында Медеу – Шымбұлақ автомобиль жолының бір бөлігі уақытша жабылады. Бұл күндері аталған аумақта автокөліктердің де, жаяу жүргіншілердің де қозғалысына тыйым салынады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жолды жабуға «Горельник» визит-орталығы маңында жүргізілетін құрылыс жұмыстары себеп болған. Жоспарға сәйкес, аталған учаскеде диаметрі 1 және 1,5 метр болатын екі темірбетон су өткізу құбыры орнатылады.
Жұмыс жүргізілетін кезеңде Медеу – Шымбұлақ жолының осы бөлігінде көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы толық тоқтатылады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен туристерге 19-22 қазан күндері Шымбұлақ бағытына сапарларын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
Сондай-ақ тауға жаяу шығуды жоспарлаған азаматтар да уақытша шектеуді ескеруі қажет.
Еске сала кетейік, бұған дейін Медеу мен Шымбұлаққа көлікпен кіру тәртібі өзгеретінін жазған едік.